Ұлытау облысында тұрғын үйдің сыртқы кірпіші құлап қалды

Ұлытау облысының Жаңарқа ауданындағы көпқабатты үйлердің сыртқы қаптамасы алғашқы боранға шыдас бермей, құлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған бұл жаңа баспаналар 2018 жылы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға пайдалануға берілген. Алайда пәтерлер суық болып, тұрғындар тарапынан шағым көбейген соң, 2021 жылы сыртын кірпішпен қаптауды ұйғарады. Осылайша жергілікті қазынадан 18 миллион теңге бөлініп, тендер өткізіледі. Бірақ жеңіп алған мердігер жұмысты аяқсыз қалдырған. Ақшасы жетпей қалыпты. Енді оны жалғастыру үшін тағы қосымша қаражат керек.

Жангелді Бөгенбаев, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Кірпіштің дұрыс есептелмеуіне байланысты кірпіш толық жетіспеді. Содан кейін 2022 жылы аудандық бюджеттен 9 милллион 116 мың теңге бөлініп, үш рет ашық конкурс жарияланды. Аталған жұмысқа ешқандай мердігерлер қатыспауына байланысты тоқтатылды. Ағымдағы жылы, яғни 2023 жылы қайтадан сметалық құжаттамасы әзірленіп, конкурсқа әзірленуде. Құлаған жерді құрылыс салған мердігер қалпына келтіретін болады.