loader


Алматы - туризмді дамытуға қолайлы аймақ

Былтыр Алматыға 9 айдың өзінде 1 млн 300 мың  турист келді.

Оның 300 мыңға жуығы шетелдіктер. Мұндай көрсеткішке араға екі-үш жыл салып әзер қол жетті. Себебі пандемия туризм индустриясын айтарлықтай тұралатып тастады. Сондықтан сала барынша қолдауға зәру. Оны дамыту үшін нені назарға алған жөн? Саяхатшылар Алматының қандай көрікті жерін көргісі келеді?

Алматы - туризмді дамытуға қолайлы аймақ. Мұнда саяхатшылардың жылдың төрт мезгілінде бірдей демалуына мүмкіндік бар. Әсем қала әсіресе тауларымен танымал. Мысалы, Шымбұлақ шаңғы мен сноуборд тепкенге таптырмас жер. Ойқарағай мен Көкжайлаудың сұлу табиғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал Медеудің аты әлемге мәшһүр.     

Ольга Овчарова, қала тұрғыны:

- Шымбұлақ пен Медеу Қазақстанның ғана емес, әлемнің інжу-маржаны деп атар едім. Оны тек келіп,  көзіңмен көру керек. Туристерді көптеп тарту үшін көбірек жарнамалау керек

Шымбұлақ демекші, қазір қалалық әкімдік оған қатысты арнайы жоба дайындап жатыр. Оны жүзеге асырған жағдайда Шымбұлаққа жанар-жағармаймен жүретін автокөліктердің көтерілуіне тиым салынады.

Әлішер Әбдіқадыров, қала әкімінің орынбасары:

- Қазір ол жерде тұратын тұрғындар машиналарын электр қуатының күшімен жүретін көлік құралдарына ауыстырып жатыр. Таулы өңірде 54 коттедж орналасқан. Бәрінің иесімен сөйлестік, ешкім қарсылық білдірген жоқ. Мұның барлығы қоршаған ортаны қорғау үшін жасалып отыр.

«Алматылықтар мегаполисте туризмді дамытуға қатысты қолға алынып жатқан жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу керек», - дейді. Ең алдымен қала тазалығы ескеріліп, қонақүйлер мен қонақжайларда, қоғамдық тамақтандыру орындарында сапалы қызмет көрсетілуі тиіс.

Ұлан Сәукенбаев, қала тұрғыны:

- Туризмді дамыту үшін ең бірінші бізге тазалық керек. 3 Ж, 4 Ж дегенді дамыту керек цифравизацияны. Бірінші туристер Орталық Азиядан келе бастайды. Өзіміздің көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан деген сияқты. Одан басқа Ресейден келе бастайды. Сонда кейін Еуропадан келе бастайды.

Ал сала мамандары қолқусырып отырған жоқпыз,-дегенді алға тартады. Биыл Іле Алатауы ұлттық паркінде 150-ге жуық шақырым жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылып, 2GIS платформасына енгізіліпті. Сонымен қоса, Англия, Румыния, Индонезия, Үндістан сияқты елдердің   туроператорларымен келісім-шарт жасалды. Биыл үш тоқсанның қорытындысы бойынша жалпы туристер саны 1 млн 300 мыңға жеткен. Ал былтыр жыл бойы 1 млн 200 мың саяхатшы Алматыға арнайы атбасын бұрған. Шетелдіктердің дені ТМД, Еуропа, Араб мемлекеттерінен және АҚШ пен Латын Америкасынан  келген.

Бауыржан Пазылхайыр, «Туристік ақпарат орталығы» директорының орынбасары:

- Жалпы Алматы қаласында 3 тоқсанның қорытындысы бойынша 383 орналастыру орындары бар. Соның ішінде 5 жұлдызды, 4 жұлдызды басқа да орналастыру орындары осы орналастыру орындарымен 9 ай көлемінде 37 млрд теңгеге қызмет көрсетілді. Осы 9 айдың ішінде туризм саласына 53 млрд теңге инвестиция құйылды.

Келесі жылы Алматыда халықаралық деңгейде бірқатар іс-шара өтеді. Олардың мақсаты медициналық және этномәдени туризмді дамыту. Сондай-ақ бірнеше елге жаңадан әуе бағыттары ашылады. Бұл да шетелдік саяхатшылардың санын көбейтуге септігін тигізеді деген болжам бар. 

Сондай-ақ...