Курчатов қаласында жылу қазандықтары тозған

Курчатов қаласына жаңа жылу орталығы қажет. Он екі мыңнан астам тұрғыны бар шаһардағы 4 қазандықтың 40 пайызы тозған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жылу желілерінің 36 пайызы ескірген. қазандықтарға отын әлі күнге дейін қолмен салынады. Толығырақ тілшіміз Азамат Қасым тарқатсын. 

Гүлбақыт Қамытбаева Олимпийская көшесінде тұрады. «Баспанамыз суық болған соң қыс бойы жылытқыш құрылғы қосамыз. Қып-қызыл шығынға баттық», - дейді ол. 

Гүлбақыт Қамытбаева, қала тұрғыны:

- Айына 5 мың төлеуші едік. Қазір 15 мың төлеп жүрміз. Өйткені күні-түні жылытқыш құрылғы қосылып тұр. Үйде сырқат кісі бар. Тоңады. Қоспасақ,  үй суық, батареялар аса жылы емес.

Әрине, қаладағы барлық үй қаңырап тұр деуге келмейді. Тұрғындардың айтуынша, әр ықшамауданға жылу әртүрлі беріледі. 

- Өзімнің үйім жылы. Бірақ баспанамыз суық деп шағым айтатын тұрғындар аз емес. Соған қарағанда қалада бұл мәселе өте өзекті. Шаһарымыз үлкейіп келеді. Жылу мәселесін шешетін кез жетті деп ойлаймын.

- Әрине, барлық тұрғын үй жылы болса дейміз. Алайда бір үй жылы, бір үй суық. Бұлай болмайды ғой. Сондықтан қалаға жаңа жылу орталығы салынса дейміз.

Жаңа жылу орталығының салынуын тағатсыздана күтіп жүргендердің бірі – Курчатовтағы коммуналдық кәсіпорынның басшысы Айдын Нұрланов. Оның сөзінен түйгеніміз, Семей ядролық полигонының орталығы болған шағын шаҺардағы қазандықтардың 40 пайызы ескірген. Ең сорақысы, мұндағы жұмыстың көпшілігі әлі күнге дейін қолмен атқарылады.

Айдын Нұрланов, коммуналдық кәсіпорынның техникалық директоры:

- Күніне қала бойынша 140 тонна көмір жағамыз. Оның бәрін қолмен лақтырады. Өте ауыр жұмыс. Қолмен емес, автоматты түрде көмір беретін жылу нысаны керек.

Қалада 78 көп қабатты үй мен 44 әкімшілік ғимаратқа қызмет көрсететін 4 қазандық бар. Негізі төртеуі сағатына 34 гигакалория жылу беруге тиіс. «Бұл көрсеткіш бізде –  23 гигакалория. Демек, қазандықтар 65%-ке ғана жұмыс істеп тұр. Осының кесірінен шаһарда әлеуметтік нысандар салуды шектеп отырмыз», - дейді Курчатов әкімі Олег Чугунков.

Олег Чугунков, Курчатов қаласының әкімі:

- Жаңадан балабақша салынып жатыр. Оны қоссақ жылу азайып кетеді. Күрделі жөндеуді қажет ететін үйлер бар. Жылу болмағандықтан ол тұрғын үйлерді пайдалануға бере алмай отырмыз.

Курчатовта жаңа жылу орталығы бой көтерсе, 40 жылдан бері қаңырап бос тұрған мына көпқабатты үйлерге жан бітер еді. Ең бастысы, пәтерге мұқтаж адамдар баспаналы болары анық. Қала әкімдігінің есебінше, жылу орталығын салуға 10 миллиард теңге қажет. Орталықты тұрғызу моноқалаларды дамыту жоспарына да енген. Соған сәйкес нысан 2025-2026 жылдары салынуы мүмкін.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.