loader


Шығыс Қазақстан облысына қар көшкінінен қауіп төніп тұр

Өңірде соңғы айда қар қалың түсті. Құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары бірлесіп, табиғи апаттың алдын алу жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды «Хабар 24»

Әсіресе, таулы аумақтарда жиналған қарды жарылыс күшімен түсіріп жатыр. Әйтпесе, трассаларды басып қалу қауіпі бар. 

Қысы қатты Шығыс Қазақстан облысында қар көшкінің қауіпі жоғары. Сол себепті өңірде биік таулардағы қар етекке түсіріле бастады. Ол үшін жауаптылар қолдан жарылыс жасалып жатыр.

Құтқарушылардың айтуынша, қазір аймақта ахуал қиындай түскен. Көшкін тұрса, төңіректі жайпап өтуі мүмкін. Оның үстіне қаңтар айы жылы әрі қарлы болып тұр.

Омар Дүзгімбаев, облыстық "Қазселденқорғау" филиалының басшысы:

- 37 мың текше метр қар көшкіні құлатылып, түсірілді. Бүгінгі күні қар 10 сантиметрден 1 метр 10 сантиметр қалыңдыққа дейін жаууда. Қардың әсері қатты болып тұр. Сондықтан біз алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз.   

Қыс басталғалы өңірдегі тау беткейлерінен 80 мың текше метрге дейін қар түсірілді. Бүгінде көшкін қаупі бар аймақта 40-тан астам тұрғын үй мен жалпы ұзындығы 90 шақырым болатын жол бар. Сондықтан табиғи апаттың алдын алу үшін мамандар барын салуда.  

Арман Тоқанов, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Алдын ала қар жамылғысына мониторинг жүргіземіз. Мұнымен қоса температураны өлшейміз. Сондай-ақ қардың ылғалдылығы сияқты параметрлерін анықтаймыз.

Синоптиктердің мәліметше, аймақта 40 жылда мұндай қар түспеген екен. Ал жақында өңірде қар құрсауында қалып қойған 12 ресейлік азамат құтқарылды. Олар Шемонайха ауданындағы қонақ үйлердің біріне жеткізілді. Ал бүгінде облыста ауа-райының қолайсыздығына байланысты 12 жол учаскесі жабылды.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов.

Сондай-ақ...