Ақтауда ләңгі шығаратын цех ашылды

Маңғыстаулық кәсіпкер Әнуар Шайхымов ләңгі ойынын ел арасында кеңірек насихаттауды мақсат тұтып отыр.

Ол үшін мал терісінің кесіндісінен жасалатын ләңгі өндірісін іске қосты. Ашылғанына аз уақыт болса да бұл өнім түріне сұраныс зор. Тіпті Өзбекстан мен Ресейден де тапсырыстар түскен. Қазір цех күніне мың дана ләңгі шығарады. Бұл көлем отандық нарықты және шет ел сұранысын қанағаттандыруға жеткіліксіз.

Ләңгі ұсақ мал тулағынан кесіп алған бір жапырақтай  теріге оймақтай қорғасын құйып жасап, теуіп ойнайтын қазақтың ежелгі ойыны. Әнуар Шайқымовтың мақсаты ұлттық ойынның осы түрін  халықтық сипатқа ие болуына ықпал ету. Ләңгі цехта қол және конвейерлік әдіспен жасалады. Ал шикізат еліміздің әр түкпірінен жеткізіледі. Ең бастысы қой терісінің дұрыс иленгендігі маңызды.

Әнуар Шайхымов, кәсіпкер:

- Қазір біздің өніміміз жоғары сапалы және үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Тек Қазақстанның аумағында ғана емес, және де біздің жақын елдерде де біздің продукциямыз бар. /скл/ Қазіргі біздің мощностымыз күніне мың ләңгі шығаруға жетіп тұр. Бірақ қазіргі сұранысқа байланысты, біз мощностты бес мыңға дейін жеткізу жоспарымызда бар. 

Өндіріс технологиясына келсек, теріні кескенде жүнін зақымдамау үшін мұқият болу шарт. Сосын мырыш темір қоспасынан жасалған түйіршекті теріге бекітеді. Осының бәріне бас-аяғы бес минут кетеді.

Ақтауда ләңгіні үлкен, кіші ойнайды. Оған арнайы спортзалдың немесе қымбат құрал жабдықтың қажеті жоқ. Бірақ асқан шеберлікпен аяқтың ептілігін қажет ететін, ұлттық ойын түрі көп жерде ұмыт бола бастағандығы жасырын емес.

Роман Оразымбетов, облыстық аралас жекпе-жек қауымдастығының президенті:

- Спортты дамытуға бар ғұмырымды арнаған бапкер ретінде мен ләңгінің денсаулыққа пайдалы екендігін атап өткім келеді. Адам бойында төзімділік, шапшаңдық қасиеттерін арттырып,, көру қабылетін жақсартады. Желтоқсанның 13 мен 16-сы аралығында облыстағы барлық мектеп мұғалімдері арасында ләңгіден жарыс өтті. Енді қаңтар айында осы спорт түрінен Гран-приді сарапқа салсақ деп отырмыз.

Ләңгіні қаланың көптеген дүкендерінен сатып алуға болады. Біреуінің құны шамамен бір жарым мың тенге. Әнуар Шайхымов биыл ләңгі спортының республикалық федерациясын ашуды жоспарлап отыр.

Мағауия Қалиев, Тамара Степанова, Ренат Дусалиев