Елордада 30-дан астам сырғанақ пен мұз айдыны бар

Қысқы демалысты қала аумағынан шықпай қай жерде өткізуге болады? Бұл сауалдың жауабын шаңғы мен шана және конькиді жалға беретін орын иелері жақсы біледі.

Мәселен, елордада ашық аспан астындағы мұз айдыны көп. Табиғи және жасанды сырғанақ қырлар да жетерлік. Бірақ нарық заманында уақытты көңілді өткізу тегін емес.

Қыс қаһарына мінсе де, қысқы демалыстан бас тартар адам кемде кем. Әсіресе, жаңажылдан кейінгі мереке күндерін көпшілік ойын-сауықпен өткізуге тырысады. Оның ішінде балалардың орны бөлек. Бас шаһарда қазір 30-дан астам сырғанақ пен мұз айдыны бар. Мәселен, Есіл өзеніндегі демалыс орнына келетін адам қарасы көп.

Бұл жерде балалар мен ата-аналардың көңілі шат-шадыман. Өйткені қысқы демалысқа арналған барлық жағдай жасалған. Мәселен, мынадай снегоходпен бір айналым жасау мың теңге.

Нақтырақ айтсақ, аталған қар кешкіш техника халық арасында банан деп аталатын жұмсақ тіркемені сүйрейді. Әр тіркеме 8 адамға шақталған. Көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге жеңілдік бар. Қар үстімен жүруге арналған бұл техниканың шағын түрі де бар. Екі айналым жасау 2 мың теңге. Квадроциклмен жүру үшін қалтаңыздан 3 мың тг шығаруға тура келеді. Ал биіктен мынадай тюбингпен сырғанау бағасы мың теңгеден басталады.

Блиц:

Жанерке: Коньки тепкенде аяққа күшті әсер етеді және денеге де әсер етеді деп ойлаймын.

Жарас: Біз енді бала-шағамызбен мұз айдындарына келіп тұрамыз. Қыс мезгілінде сырғанатып, бұлардың өз қызығушылықтары бар. Коньки тебеді.

Жанерке: Кішкентай кезімнен бері басқа жаққа да бардым. Маған өте қатты ұнады. Жалпы бұл спорт маған күшті. Сыныптастарыммен қыдырып жүремін.

Жарас: Былтырға қарағанда баға көп өзгерген ғо. Шындығын айтқанда 2 есе қымбат. Былтырлары кішкене жеңілдеу болатын.

Экспо аумағында да мұз айдыны бар. Мұнда биіктен сырғанауға арналған құрылғы тюбингті жарты сағат қолдану құны 500 теңгеден басталады. Ботаникалық саябақтағы баға да осындай. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, баға бұрынғы. Қауіпсіздік жағдайы да сақталған.

Мұрат Маратов, Алматы аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:

- Біз демалыс орындарын ұдайы тексеріп отырамыз. Ол үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесе жұмыс істейміз. Ауа райының құбылмалығына байланысты мұз айдындарында жарық пайда болып тұрады. Осындай жағдайларда ескертіп, қауіптің алдын аламыз.

Ермек Қасиет, нұсқаушы:

- Халық демалыс күндері көп келеді. Жұмыс күндері аз. Қауіпсіздік жағдайы толық сақталады. Инструкцияны түсіндіреміз. Жылдамдық жоғары емес. Апта сайын немесе күнара тексерулер болады. Мұздың қалыңдығы тексеріледі.

Қала іргесінде де демалыс базалары баршылық. Мәселен, Қосшы қаласына барар жолда тау шаңғысына арналған кешен бар. Бірақ ресми түрде әлі ашылмаған. Ол жақта шаңғыны жалға алу құны 5 мың теңгеден басталмақ.