Қарағандыда апатты мектеп жабылды

Қарағандының өз басында 260 бала білім алатын мектеп қыстың қақ ортасында жабылып қалды. Себебі, білім нысаны апатты жағдайда тұр. 

Қабырғасы өткен ғасырдың қырқыншы жылдары салынған ғимарат биылдан қалмай бұзылады. Ал оқушылар қайда барады? Дәуренбек Бағдәулетұлынан білейік.

Мектепке биыл келген жас маман  Балнұр кітап- құралдарын қайта жинастырып жатыр. Қысқы каникулдан кейін мұнда сабақ болмайды.  Себебі ТЖ мамандары нысанның аса қауіпті екенін айтқан. Сондықтан білім бөлімі оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін сақтай отырып, барлығын көрші мектепке көшірген.

Балжан Бауыржанқызы, мектеп мұғалімі:

- Бізді көрші 64-ші мектепке көшірді. Оған біз каникул аралығында көштік. Көшкен соң кабинетімізді, оқушылармен қайта отыратынымыз, сабақ кестесін барлығын ыңғайлап берді. Сағат қысқарып қалған жоқ па? – Жоқ, қалай осы мектепке кірдім, қалай сағаттар болды, сол бойынша, сол жаққа бардым.

Ескі мектепте тек бірнеше жұмысшы қалып, отын жағып, қарын күреп, жазға дейін күзетіп отырады. Сонан соң ғимарат сүріледі. Іші сырты түгел сүреңсіз болған мектептің орнына жаңасы салынбақ.

75 жыл бойы мыңдаған шәкірт оқып шыққан 44-ші мектептің сырт келбеті осы. Құрылған арнайы комиссияның қортындысы 2 томды құраған. Оның ішіндегі ең басты талапқа қайшы тұстары- сыртқы қабырғаларының ашылып кетуі мен екінші қабатта екі бірдей сынып жабылған, себебі төбесі құлаудың аз-ақ алдында тұр.

Шәкірттер білімін жалғастыратын 64-ші мектеп осы. Қазіргі оқу орнынан шамамен 2 аялдама қашықтықта. Білім бөлімі автопаркпен келісіп оқушыларды тегін тасымалдайтын болған.  64-ші мектепте 75 жылға жуық уақыт бұрын салынғанымен биыл күрделі жөндеуден өткен. Кең, спорт залы бар, сыныптары  жетерлік дейді білім бөлімі өкілдері.

Есентай Әшім, Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы:

- 64ші мектеп енді 600балалық мектеп болса, онда қазір 360-тай бала оқып жатыр. Сондықтан ондағы екінші ауысым мен ауысым аралық мерзімге 44-ші мектеп балалары орналастырылды. Балларға еш қиындықсыз білім алуға мүмкіндік бар деп есептейміз. Мына мектеп сүрілетін болса, оның орнына жаңа 300 орындық мектеп салынады деген жоспрар бар. Өйткені қазір осында 260 бала ғана оқып отыр.

Атап өткен жөн, Қарағанды қаласында 82 мектеп бар. Оның оннан астамы жарты ғасыр бұрын салынған. Салдарынан қазіргі  білім беру талаптарына сай келе бермейді. Құрылысы да сыр бере бастаған. Сондықтан ТЖ комитеті биылдан бастап құрылысы 50 жылдан асқан мектептерді жіті тексере бастапты.