Алматыдағы көп қабатты үй жарқанаттар мекеніне айналды

Алматыдағы көп қабатты үйлердің бірінің подъезі жарқанаттардың мекеніне айналды.

Күндіз бастарын төмен қаратып ұйықтап жататын қолқанаттылар, қараңғы түссе болды ұшып-қонып тұрғындарды әбігерге салады. Бұл подъезде олар бірінші жыл қыстап тұрған жоқ. Дегенмен, мәселені ешкім шешетін емес. Жарқанаттар бұл үйге қалай тап болды, олардан қорқудың қажеті бар ма?

Жарқанаттар бұл үйде бірнеше жыл бұрын пайда болған. Бір қызығы, тек қыстап шығады. Есік жақтаулары мен электр сымдарына жабысып тұратын олар түнде ұйқыдан оянады. Жұмыстан қайтқан тұрғындар: Бет-аузымызды қалқалап пәтерге кіреміз,-дейді.  

Эдуард Попов, қала тұрғыны:

- Кеш батса болды, жатпайды. Ұшып жүреді. Олардың дыбысы қабырғаның сыртынан естіледі. Әйтеуір біздің үйден шықпайтын болды. 

Болат Төлеубаев, қала тұрғыны:

- Бірінен кейін бірі. Біреуін алып тастасам, екіншісі келеді. Қалай табатынын білмеймін. Қай жерден кіреді. Кіріп кетеді де осы жерде тұрады. Бұрын ана жерде жоғары тұратын енді қазір мына жерге түсті. Содан қимылдамайды.

Экологтардың пікірінше, қарқынды құрылыс жұмыстары жарқанаттарды үйреншікті мекенінен айырып отыр. Адамдардың арасына келуі де сондықтан. Қыста көп жағдайда биік ғимараттардың шатырын паналайды. Үйірімен өмір сүреді. Олардың арасынан аз зерттелген азиялық кеңқұлақ жарқанатты да кездестіруге болады. Ол Қызыл кітапқа енген. Сол себепті оларға тисуге болмайды. Зиян келтірсеңіз әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз.

Константин Плахов, зоология институтының зертхана меңгерушісі:

- Егер тұрғындарға мұндай көршілер ұнамаса, олар келесі жылы тағы кіріп кетпесін десеңіз- күн жылынған кезден бастап қамдану қажет. Ал күн суықта оларға мүлдем тиіспеу керек. Барлығы үсіп кетеді. Қазір сол жерде қыстап шыққаны дұрыс. 

Зоологтардың айтуынша, жарқанаттардың есте сақтау қабілеті жаман емес. Жылы, құрғақ, әрі алакөбең болып тұратын подъезге қайта оралуының сыры да осында екен. Бірақ тұрғындар үйдің күтімі нашар дейді. Жарқанаттар адамға ешқандай қауіп төндірмейді. Олардың қандай бір жұқпалы инфекциямен ауыру ықтималдылығы өте сирек, дейді ғылымдар. Сондықтан тұрғындардың күн жылынғанша күте тұрудан басқа амалы жоқ.  

Ұлан Нарынбек, Наргиза Тәкежанова, Эдуард Кон