Арқалықтың жылу жүйесі әбден тозған

Арқалық қаласының жылу жүйесі әбден тозған.

Әзірге сыр бере қоймағанымен Екібастұздағы жағдай мұнда да қайталануы мүмкін, дейді мамандар.

Былтыр іске қосылған көмірмен жағылатын қазандықта әлі толық қуатына көше қойған жоқ. 

Арқалық жылу энергетикалық орталығында қазір жұмыс қауырт. Мұндағы мамандар күні-түні температура режимін қадағалап, реттеп отырады.

Қайрат Әбілдин, Арқалық жылу энергетикалық орталығының ауысым басшысы:

- Қалаға 70 барып тұр, обратка келіп тұрған температура 90 градусқа дейін бару керек мынандай аязда, ал оған біз қатты көтере алмаймыз, өйткені бізде қаланың ішінде жылу жүйесінің жағдайы нашарлау да, ол температураны ұстай алмауы да мүмкін. Апат болуы мүмкін.

Былтыр іске қосылған көмірмен жағылатын жылу орталығы бес қазандықтан тұрады. Оның екеуі су, үшеуі бу қазандығы. Соның әзірге екеуі істеп тұр. Мердігер бір бу қазандығын жинап құрастырып үлгере алмай жатыр. Сондықтан тоқ өндіретін турбогенераторға қуат жетпейді. 

Әскербек Әлмағамбетов, Арқалық жылу энергетикалық орталығының өндіріс басшысы:

- Бізде қалыпты жұмыс істеу үшін екі бу қазандығы керек. Пар шығару керек бу қазандығы, өздеріңіз білесіздер сол пардың арқасында турбогенераторды жұмысқа қосуымыз керек. Қазіргі таңда мердігер компания уәде беріп отыр 20 қаңтарға дейін аяқтаймыз деп, содан кейін барып қана белгілі болады турбогенерторды жұмысқа қосатынымыз.

Арқалық жылу желісінің ұзындығы 35 шақырымға жуық. Соның 86 проценті ескіріп тозған. Оны жаңарту жобасын жергілікті әкімдік үш кезеңге бөліпті. Сәтін салса, биыл жаз шыға байстаймыз дейді. Жалпы қаланың жылу құбырларын ауыстыруға шамамен 12 миллиард теңгеден астам қаржы қажет екен.

Өміржан Әбдібеков, Арқалық қаласының құрылыс,сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қаражат беретін болса, бірінші кезең осы жылы бастайды. Конкурс ойнатамыз. Бірінші кезең жаңағы айтып кеткендей 7,184 км осы жылы ақша бөлінсе, реконструкция болады. Қалған кезеңдерге проектыны жасап қоямыз. Келесі жылы и одан келесі получается 2024-25, үш жылға ақша қаражат беріп отырса, үш жылда бітіріп тастаймыз. 

Бір сөзбен айтқанда жобаның қысқа мерзімде жүзеге асуы қаржыға байланысты. Ал жаңа қазандық құрылысын созбаққа салған мердігердің жұмысы тексеріліп, бақылауға алынатын болды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг