«Оқжетпес» сауықтыру кешені қой етінің келісін 4200 теңгеден алмақ болған

«Оқжетпес» сауықтыру кешені қойдың 1 келі етін 4200 теңгеден сатып алмақ болған.

Ал нарықтағы баға одан анағұрлым төмен. Ақмола облысында мемлекет тапсырысы аясында осы тақылеттес құйтырқылыққа барған 44 мекеме анықталды. Олар сатып алатын тауар бағасын негізсіз көтерген. «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы да төсек-орынның әр данасын 140 мың теңгеге бағалапты. Әйтеуір облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ойдан-қырдан ізденіп, мұның екі есе қымбат екенін анықтаған. Сөйтіп мемлекет үшін еттен 20 миллион, көрпе-төсектен 7 миллион теңге ысыраптан аман қалды. Жалпы облыста осындай әрекеттерден былтыр 1 миллиард теңге үнемделіпті.

Айдос Жақиялин, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы осы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Біз ешқандай мемлекеттік мекемеменің жұмысына араласпаймыз. Ең бастысы, бұл жұмыс қаржыны жоспарлау кезінде іске асады. Яғни мемлекеттік сатып алуды тоқтатпаймыз. Тек ондағы қаржының жүйелі жұмсалуын қадағалаймыз.