Үкімет өткен жылды қорытындылады

Биыл елде инфляция екі есе төмендеп, 9 жарым процент деңгейінде болуы тиіс.

Ал экономикалық өсім төрт проценттен асады.

Министрлер кабинеті өткен жылды қорытындылап, 2023 жылға жаңа межені белгіледі. Әлихан Смайылов қолға алған әр жобаның экономикалық нәтижесін көруге ниетті. Осы арқылы халықтың әл ауқатын көтереміз дейді үкімет басшысы. 

Үкіметтің жаңа жылдағы алғашқы отырысы өткен жылды қорытындылады. Барыс жылы оңай болмағаны белгілі. Жылдық инфляция 20,3 пайызға жетті. Азық-түлік қымбаттады. Бірақ Министрлер кабинеті биыл әлемдік экономика жақсарады. Бірінші тоқсанда инфляциялық өсім шегіне жетіп, наурыздан бастап төмендейді деген үмітте.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Халықтың әл-ауқаты, ең алдымен, тұрақты өсімге байланысты. Сондықтан экономиканы одан әрі әртараптандыруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған жұмыстарды жандандыру қажет. Бағаның өсуін ұстап тұру жұмыстары біздің басты назарда болы тиіс. Біздің міндетіміз биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол 9,5% шегінде болуы керек. Бұл өте күрделі міндет. Сондықтан кез келген проблеманың алдын алу шараларына баса мән беріп, жұмыла әрекет етуіміз қажет.

Өткен жыл қанша қиын боса да оң көрсеткіштер бар. Мәселен елдің жалпі ішкі өнімі 3,1 пайыз болды. Оның ішінде құрылыс, ауыл шаруашылығы ақпарат және байланыс, сауда саттық салалары айтарлықтай өсім көрсетті. Сырт елдермен алыс берісіміз 33 пайызға артқан. 77 миллиард АҚШ долларына тауар сатылды. Оның 24 миллиарды өзімізде өңделген дайын өнім.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,4%-ке өсті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,4%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 19,1%-ке, электр жабдықтарын жасаудың – 22,2%-ке өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,9%, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%, химия өнеркәсібі – 10,2%, сусындар өндірісі – 11,2%, пластмасса бұйымдары – 2,1%, жеңіл өнеркәсібі – 6%.

Былтыр Мемлекеттік бюджетке 15, республикалық бюджетке 10,5 триллион теңге түсті. Кірістер күткендегіден 309 миллиардқа көп. Жоспардың асыра орындалуына салық түсімдерінің артуы себеп болған.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

- Жоспардың асыра орындалу факторлары:- сату бойынша айналымның 28,4%-ке өсуі. 3-інші елдерден импорт көлемінің 36%-ке немесе 7,4 млрд долларға өсуі әсер еткен. Шикі мұнайға арналған экспорттық кеден бажы бойынша жоспар орындалмады. Оған есепті кезең ішінде іс жүзінде қалыптасқан экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 4%-ке төмендеуі есебінен орындалмаған болды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтыр жалпы құны 2 триллион теңге болатын 160 инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Биыл тағы 150-і іске қосылады. Әлихан Смайылов әрбір жобаның нәтижесін көруіміз керек дейді. Сосын ірі инвесторларды іске тартып, әрқайсына жағдай жасауды және міндет қоюды қарамағындағыларға тапсырды. Жиыннан кейін журналистердің алдына шығып, үкіметтің биылғы жосапарымен бөлісті. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Осы жылдың қорытындысы бойынша біз экономикалық өсімді кем дегенде 4 процент деңгейінде күтудеміз. Индустрия саласында біз инвестициялық жобаны іске асырамыз жалпы құны 1,1 трлн теңге. Ауыл шаруышылығы аясында біз 265 инвестициялық жобаны іске асырамыз 540 млрд теңгеге. Жалпы 400 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құрамыз. Және 1 млнға жуық адамды жұмысқа орналастырамыз. Жалпы тікелей шетелдік инвестиция көлемі кем дегенде 24,4 млрд долларды құрайды деп күтудеміз.

Отандық өнім ең әуелі ішкі нарықты қамтуға тиіс. Бұл бір жағынан бағаны тұрақтандырады. Екінші жағынан жаңа жұмыс орындары ашылады. Үкімет ірі кәсіппен қатар шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық береді. Биыл тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандырмақ. Әкімдер мен министрлерге шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 миллион адамға жеткізу міндетін қойды. жалпы президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырып, халықтың тұрмысын жақсартуды қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. 

Талғатбек Әбдіқожа, Ерлан Наурызбаев