Екібастұздық мыңнан астам бала Түркістан және Алматы облыстарында каникул өткізді

Екібастұз қаласының оқушылары қысқы демалыстан үйлеріне қайтып жатыр.

1 мыңнан астам бала бос уақытын көңілді өткізіп ғана қоймай, құрбы-құрдастарымен танысып, жаңа оқу тоқсаны қарсаңында күш-қуат жинады. Қазақстанның әртүрлі шипажайындағы демалысты "AMANAT" партиясы ұйымдастырды. Мәселен, 50 оқушыдан тұратын топ Түркістан облысындағы "Бәйшешек" лагерінде демалды. Партиялықтар оларға арнап спорттық жарыстар, тауға сапар, Түркістанның киелі орындарына экскурсия өткізді.  Сондай-ақ 30 бала Іле Алатауының етегіндегі Қазақстан шипажайында демалды. Балалар көрікті жерлерді аралап, цирк қойылымын тамашалап, "Медеу" мұз айдынында коньки тепті.

Нұрсая Боранбек, оқушы:

- Алматыға алғаш рет келіп отырмын. Маған бәрі ұнады. Медеуде бірінші ретпін. Осында келуді үнемі армандайтын едім. Таулар да өте әдемі, ауасы саф таза.

Мақсат Құмарбек, оқушы:

- Маған Түркістан қаласы адамдарының қонақжайлылығы өте ұнады. Мен өскенде осында тұрамын деп шешім қабылдадым. Түркістан өте әсем қала және «Алтын Самұрық» жер де ұнап қалды. Біз ол жерде кәдімгідей ұшып жүргендей болдық.