Қазақстандықтар шетелдік көліктерді сақтандыра алмайды

Өзге елден әкелінген көлікті сақтандыру құжаты бойынша басқаруға тыйым салынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24»

Дегенмен 2023 жылдың 12-қаңтарына дейін рәсімделген сақтандыру полисінің мерзімі аяқталғанша көлікпен жүруге рұқсат бар. Бүгін «Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмасын орындау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы заң күшіне енді. «Жол қозғалысы туралы» заңға сәйкес Қазақстанда тіркелмеген, елге уақытша кірген көлікті шетелдік немесе елде тұруға ықтияр хаты жоқ азаматтар басқарса, онда бұл көлік халықаралық қозғалыста жүрген болып есептеледі. Мұндай көліктер Қазақстанда 1 жылға дейін бола алады. Сол сияқты автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға өзгерістер енгізілген. Заңның 10-бабына сәйкес халықаралық қозғалысқа қатыспайтын Қазақстан аумағындағы көліктердің иелеріне енді азаматтық-құқықтық жауапкершілігі аясындағы міндетті сақтандыру келісімшартын жасауға жол берілмейді.