Шымкентте жылулық акциясы өтуде

Шымкенттіктер қаланы қардан тазартып жатқан коммуналдық қызметкерлерге ыстық ас-ауқат таратып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша кәсіпкерлер мен еріктілерден құрылған белсенді топ жұмысшыларға қол ұшын созуды ұйғарған. Биыл шаһарға жауған ақ ұлпаның қалыңдығы 30 сантиметрден асты. Қар құрсауында қалған көшелерді тазартып, мұз қатқан жолды аршуға жұмыс күші жетіспей жатыр. Десе де қала сыртына тонналаған қар шығарылды. Еріктілер көшеде еңбек еткендерге ыстық ас-ауқатты ұдайы жеткізіп тұруды жоспарлап отыр. Қала қардан тазартылғанша дамыл таппайтын жұмысшыларды қолдау жалғасын табады. Синоптиктердің болжауынша, апта соңына дейін -25 градустық суық сақталатын болады.

Әлия Қалыбекова, коммуналдық қызмет өкілі:

- Қар қалың түскендіктен үлгере алмай жатырмыз. Тырысып барымызды салып жатырмыз. Жұмыс уақытысынан кейін де қалып істеп жатырмыз. Бірақ бізде жұмыс күші аз болып жатыр. Еріктілер көп. Кеше келіп, таратып кетті. Бүгін де келіп жатыр. Тамағымызды, шайымызды жеткізіп беріп жатыр.