loader


Жетісу облысының Көксу ауданында 2 бірдей фельдшерлік акушерлік пункт ашылды

Емдеу мекемемелері Ақшатоған және Еңбекшіқазақ ауылындағы 2 жарым мың тұрғынға қызмет көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін Ақшатоған ауылының тұрғындары 1950 жылы салынған медпунктте қаралатын. Қос бөлмелі нысан тар, әрі қолайсыз еді. Жаңасы салынып, елді мекендегі ең өзекті мәселе шешімін тапты.  

Әбдіқожа Мүкәмалұлы 6 жыл бұрын жүрегіне операция жасатқан. Содан бері дәрігерлердің ұдайы бақылауында. Үнемі аудан орталығына барып, тексерілетін ол медицина мекемесінің ашылуына алғашқылардың бірі болып келді.

Әбдіқожа Мүкәмалұлы, ауыл тұрғыны:

- Құрылғылары бәрі әдемі жаңадан екен. Алдыңғы жерде бұрынғы көнемен қаралдық, барға қанағат дейміз ғой. Сонымен қанағаттанып, жүріп жаттық. Алдыңғы жер тар болды. Мына жерде бөлмесі көп екен.

Еңбекшіқазақ ауылында да жаңадан салынған фельдшерлік акушерлік пункт ашылды. Қос нысанның құрылысына ел қазынасынан 240 млн теңге жұмсалған. Мекемедегі кабинеттердің барлығы қажетті құрылғылармен жабдықталды. Ел игілігіне берілген ғимарат ауылдың да ажарын аша түсті. 

Ләззат Баекенова, ауыл тұрғыны:

- Жылдан жылға ауылымыз көркейіп өсіп келе жатыр. 2010 жылы мектеп салынып беріліп еді. 2013 балабақша салынып берілді. Биыл медициналық пункт ашылып жатыр. Бұл ауылға жастар көбірек келіп тұра беруіне болады. Өйткені келесі жылы бізге газ келе жатыр. Көшеде самаладай болып шамдар жанып тұр. Су әр үйдің ішінде. Қаладан еш кемдігі жоқ.

Жыл соңына дейін ауданда 7 емдеу мекемесі ашылса, облыс бойынша 23 нысан салынып қолданысқа берілмек.

Арман Жансенгіров, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- 23-25 жылға жоспарланған 59 объект. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 34 фельдшерлік акушерлік пункт. 5 медициналық пункт, жаңа құрылыс болады. Сонымен қатар, 1 аудандық аурухана, ол Жаркент қаласында Панфилов ауданында болады.

Жетісу облысындағы емдеу мекемелерінің 30%-тен астамы ескірген. Алдағы 3 жылда мемлекеттік бағдарлама аясында жаңарған медициналық нысандардың санын 80%-ке жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.

 

 

 

 

              

Сондай-ақ...