СҚО-ның Есіл ауданында ауыз сумен қамтудың ірі жобасы жүзеге асады

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында халықты ауыз сумен қамту бойынша ірі жоба жүзеге асады.

Жергілікті билік өкілдері Преснов топтық су құбыры құрылысының үшінші кезеңін бастап, тіршілік нәрін 13 ауылға жеткізуді жоспарлап отыр. Құдықтан су таситын күндерді артта қалдырған ағайынмен аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы кездесіп қайтты. 

- Былтырдан бері су қосып, ауылға нағыз, көзіміз ашылып, жылы сумен, таза сумен жуынып, таза су ішіп жатырмыз...

Гүлбану Тахметованың қолы қазір жылы суға тиді. Николаевка ауылының тұрғыны жылдар бойы құдыққа қанағат қылатын. Былтырдан бері таза су үйінде ағып тұр.  

Гүлбану Тахметова, Николаевка ауылының тұрғыны:

- Осы ауылда тұрғаныма 32 жыл. 32 жылда бірінше рет су, таза су ішіп жатырмыз ғой енді. Бала кезімізде ішкенбіз колонкадан. Содан бері су болған жоқ. Енді малға бәріне тасып ішу қиын ғой. Пәлен фляг күніне әкелеміз ғой. 

Николаевка ауылында 450-ге жуық үй бар. Былтыр бюджеттен 54 млн теңге бөлініп, елді мекеннің екі көшесіне су тартылды. Ескі резервуар жөнделді. Ал жаңа сорғы станциясынан судың қысымы дұрысталды.  

Нұрбек Сапаров, Николаевка ауылдық округінің әкімі:

- Біздегі бұрынғы башня 120 кубтық болған. Оның суы күніне жетпей қалатын бір суткаға. Себебі жаздыкүні жаңағы өсімдік суарады. Жаздыкүні судың қолдануы көбірек қой. Сол себепті жетпейтін. Қазір оған байланысты емес. Башнямызда су бітіп қалғанның өзінде резервуардан су қабылдай береміз.

Былтыр аудан халқын сумен қамту бойынша 12 жоба жүзеге асырылды. Бұл мақсатқа 1 млрд теңгеден астам ақша бөлінді. Ал биылғы жоспар мынадай.

Руслан Қуандық, Есіл ауданы ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Ағымдағы жылы Бұлақ ауылында су тарату жүйелерін құру жобасы іске асыру жоспарлануда. Жобаның жалпы сомасы 826 млн теңгені құрайды. Одан басқа аудан әкімдігі Преснов топтық су торабының 3-кезегі жобасын әзірледі. Аталған жобада 13 елді мекенді сумен жабдықтау көрсетілген. Жалпы тұрғындардың саны 6 мыңнан асады. 

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Есіл ауданында 20 мыңға жуық адам тұрады. Бүгінгі таңда оның 90 проценті таза ауыз сумен қамтылған. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков