Абай облысының жедел жәрдем дәрігерлері ауылдарға жаңа санавиациямен барады

Абай облысындағы жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері енді шалғайдағы ауылдарға кешікпей барады.

Өңірдің медицина мамандары бұған дейін «АН-2» ұшағымен алыстағы елді мекендерге екі-үш сағатта жететін. Ал денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы сыйға тартқан «L-410» лайнері екі есе жылдам. Ұшақ бір мезетте 5 дәрігерді қоса алғанда 3 науқасты тасымалдайды. Әуе кемесі 1000 шақырымға дейін және 50 градусқа дейінгі суық пен ыстықта да ұша алады. Жаңа ұшақпен 4 науқасқа көмек көрсетілді. Аймақтың санитарлық авиация қызметі былтыр 185 рет ұшып, 222 адамға медициналық жәрдем ұсынған. Оның 75-і - бала. Сондай-ақ Семейдің белді дәрігерлері аудандарға барып, 14 күрделі операция жасаған.

Әділет Мұқатов, ұшқыш

- Бұл ұшақтың ерекшелігі, жер талғамайды. Кез келген жерге қона алады. Мәселен, қыста қар үстіне қонуға мүмкіндігі бар. Бір сөзбен айтқанда, алыс ауданы, шалғай ауылы көп біздің өңірге таптырмайтын ұшақ. 

Нажия Пронина, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының шұғыл және жоспарлы кеңес беру бөлімінің меңгерушісі:

- «АН-2» ұшағымен бұған дейін 2 сағат 20 минут ұшсақ, бүгін міне 60 минутта жеттік. Қандай тамаша! Алғашқы ұшуымызда Үржар ауданына барып, инсульт алған жүкті әйелді қалаға жеткіздік.

 

 

 

 

+++