Теміртау қаласындағы 23 мектеп қашықтан оқытуға көшті

Жылу мардымсыз болғандықтан білім ошағының іші азынап кеткен. Айтуларынша, жылу энергия орталығындағы әбден тозығы жеткен қазандықтар бірінен соң бірі істен шығып, қажетті жылуды бере алмай отыр.

Аяздың беті қайтып, күн жылынғанымен, Теміртаудағы мектептердің іші азынап тұр. Соған орай, бүгіннен бастап қаладағы барлық 23 білім ошағы қашықтықтан оқытуға көшті. Ал бала-бақшалар жұмысын тоқтатқан жоқ, жылытқыш қосып жан бағып отыр. 

Бауыржан Сәрсенбаев, Теміртау қаласының тұрғыны:

- Бүгінгі таңда балаларды үйден оқытып жатырмыз. Мына мектепте орысша айтқанда невозможно, балалар оқи алмайды. Үйде компьютерден немесе соткадан кіргенше одан да жарық класста балалармен оқыған, мұғалімді көріп отырып оқыған дұрыс па деп ойлаймын.    

Таңертеңнен бері мектептердегі температура көрсеткіші 6-9 градустан аспай тұр. Ал санитарлық талапқа сәйкес 17 градустан кем болмауы тиіс. Мұғалімдер үшінші тоқсан басталғалы бері осындай күй кешіп отырғандарын айтады.

Марина Грибанова, №24 жалпы білім беретін мектеп мұғалімі:

- Біз өз күшімізбен терезенің барлығын целлофанмен жауып, бітедік. Бірақ ол көмектеспеді. Батареядағы жылу болар-болмас. Бөлме үлкен. Таңертең температура көрсеткіші 6-5 градус ғана болды.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жылу энергия орталығындағы әбден тозығы жеткен қазандықтардың шамасы жетпей жатқан көрінеді. Мұнда бас-аяғы 6 қазандық болса, қазір 5-і ілдебайлап жұмыс істеп тұр. Қалаға қажетті жылуды бере алмай отыр. Орталықтан шығатын температура 85 градусқа көтерілуі керек еді, 70-ке әрең жеткен. 

Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:

- Жаңағы 23 мектепте қалыптан төмен болып тұр градус, сондықтан біз осындай шешімге келдік. Бірақ кешке қарай «Арселор Миттал» басшылығы уәде беріп отыр, жылу тұрақталады деп. Кешке жақын тағы тексереміз, температурасы нормаға сәйкес келсе, ертең біз оқушыларды қайтадан оқуға жіберетін боламыз. 

Бірақ ата-аналар бұған күмәнмен қарайды. Қазір жылу энергия орталығындағы 3-ші қазандық күрделі жөнделіп жатыр. «Ақпан айының ортасына таман жұмыс аяқталу керек. Сол кезде жылу тұрақталады», - дейді билік өкілдері.