Қызылорда облысында 29 елді мекенді су басу қаупі бар

Сырдарияда сең жүріп, жағалау маңында тұрған жалғыз үйді су басты.

Өзеннің Жаңақорған ауданы аумағындағы арнасына жақын орналасқан баспана тұрғындары екі күн бұрын көшіп үлгеріпті. Рұқсатнамалық құжатсыз салынған үйдің иелеріне сала мамандары құрылыс кезінде ескерту жасалғанын айтады. Дегенмен қиын жағдайға тап болған отбасына аудан әкімдігі көмек қолын созамыз деп отыр. Бүгінде Жаңақорғаннан асып кеткен мұз көшкіні Шиеліге жетіп, Қарғалыдағы қалқымалы көпір алынып тасталды. Дарияның арғы бетінде қалған бірнеше ауыл тұрғындары аудан орталығына жету үшін жолсызбен Жаңақорған арқылы айналып жүр. Қазіргі таңда Жөлек ауылының маңында арнайы техникалар жұмылдырылып, бөгетті бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдеріне көмекке келген жергілікті тұрғындар да ортақ іске білек сыбана кірісіпті. Жалпы, өңірде 29 елдімекенді су басу қаупі бар. Соған байланысты 60 эвакуациялық жинақтау және 78 қабылдау пункті әзірленіп қойылды.

Асыл Мәліков, Жөлек ауылының тұрғыны:

- Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей ауылдың азаматтары ауызбіршілікте болып, құм қаптап, су тасқынының алдын-алу шараларын жүргізіп жатырмыз.

Мейірбек Жолдасбек, Жөлек ауылдық округінің әкімі:

- Жөлек ауылының тұсында дарияда мұз ұстап тұр. Бірақ сең әлі артынан келген жоқ. Су деңгейі бір қалыпта тұр. Қазір бізге нақты төніп тұрған төтенше жағдай жоқ.