Елімізде алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жандарды өмір сүруге баулу жобасы қолға алынды

Оның аясында мүгедектігі бар азаматтар ата-ана, туған-туыстан уақытша бөлек кетіп, «бейімдеу пәтерінде» тегін тұрады.

Әрі бар қажеттілігін өзі атқаруы тиіс. Ал жұмысқа тұру және бірқатар кәсіп түрлерін меңгеру бойынша мамандар көмектеседі. Маңызды жобаны іске асыру Ақтөбеден басталды. 

Нұрлыбек Сейілханов – енді осы пәтерде тұратын азаматтардың бірі. Алты жыл бұрын беліне операция жасатқан ол соңғы кезде балдақтың көмегімен қозғалуды көбейткен. «Ал жұмысқа тұрғалы көңіл бөлініп, ауырпалықты да ұмыта бастадым» – дейді. Енді қамқоршының күтімінсіз өздігінен өмір сүріп көрмек. 

Нұрлыбек Сейілханов, жобаға қатысушы:

- Бұл мүмкіндігі шектеулі адамдарға бір сөзбен айтқанда көп көмегі болады. Өйткені, көп ауылда адамдар жатыр ғой қазір. Бір сөзбен айтқанда, «қарайып» қалды. Олар мұндай мүмкіндік бар екенін білмейді. Ал мұнда келсе, мүмкіндігі шектеулі адамдармен араласса, сөйлессе, өзіне орта табады, ашылады. Содан соң, өзіне жұмыс тауып кетсе, тіпті жақсы. Ортаға еніп кетуіне мүмкіндік береді.

Мүгедектігі бар азаматтарды шынайы өмірге баулу үшін әзірге екі «бейімдеу пәтері» бар. Бірінде ер балалар тұрса, енді бірі – қыздарға арналған. Мұнда әрқайсысы өз бетінше тіршілік етеді. Күнделікті ас-суын өздері дайындап, қала ішінде де қозғалуы тиіс. Үйге және жеке басқа қатысты шаруаны да өздері атқарып үйренбек. Әрі мұнда бос тұрып қана қоймай, түрлі білім, өнер үйірмелеріне қатысады, психологиялық көмек алады. Кейбір кәсіп түрін де меңгеруге мүмкіндік бар.

Жанат Үмітқұлова, жобаға қатысушы:

- Баспана қазір қымбат қой. Алматы болсын, Ақтөбе болсын, барлық жерде қымбат. Ал мұнда жалдау да, коммуналдық төлемі де тегін. Бізде қасымызда көмекші – әлеуметтік қызметші болады.

Құралай Бәйменова, «Қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтар одағы» ҚБ басшысы:

- Біз бұл пәтерде кімдер тұратынын анықтау үшін іріктеу жасамаймыз. Кімнің құлшынысы бар, соны қабылдаймыз. Ал ондай жандар аз емес. Ауыл аймақтан келгісі келгенімен, пәтер алатын жағдайы бола бермейді. Ал мынау өте жақсы мүмкіндік. Біздің басты мақсатымыз – мүгедектігі бар азаматтарды үйден шығарып, қоғаммен араласуға, өздігінен өмір сүріп үйретуге бейімдеу.

Бұл жоба БҰҰ-ның даму бағдарламасы аясында жүзеге асырыла бастады. Таяу уақытта Ақтөбеден өзге Таразда да іске қосылмақ. Мамандар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған өз елімізде де игі бастамалардың боларынан үмітті. Ал ондай азаматтардың саны облыс бойынша бүгінде 28 мыңды құрайды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов