loader


БҚО-дағы қожалық иесі суға зәру болып отыр

«Мал ішетін су тапшы». Батыс Қазақстан облысының Пятимар ауылдық округінде қожалық иесі қақаған қыста тығырыққа тіреліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуынша, жақын маңдағы каналда тіршілік нәрі таусылғалы біраз болған. Ал шағын су қоймасына жиналған күзгі жаңбыр суы да ұзаққа жетпейді. Фермер каналдардың уақытылы тазартылмауы салдарынан былтыр көктемде жоғары ағыстан келген судың едәуір мөлшері далаға жайылып кеткенін айтады.

- Су болмауының кесірінен малымыз көтерем болып, құлап жатыр деуге болады.

Жеңісбек Ахметов бірер жыл бұрын ғана асыл тұқымды ірі қара өсіруге ден қойған. Несие рәсімдеп, 80 шақты герефорд сатып алыпты. Алайда қытымыр қыста судың тапшылығы қыспаққа алып отыр. Агроқұрылымның тірегі болған Балықты каналы қазір кеуіп қалған. Шақшадай басы шарадай болған шаруа енді не істерін білмей дал.

Жеңісбек Ахметов, қожалық басшысы:

- 8 айдай болды, су көрген жоқпыз. Жоғарыдан «Қазсушар» су бердік дейді. Өздерінің айтуы бойынша, 1 млн текше метр су бердік дейді. Бірақ енді 1 млн текше метр су бізге дейін артығымен жетуі керек еді. Сол жетпей қалды.

Фермер қожалық иелегіндегі шағын су қоймасына ғана иек артып отыр. Әйткенмен ол жердегі тіршілік нәрі де ұзаққа жетпейін деп тұр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Бұл гидронысан күзгі жаңбырмен толған екен. Ал қазір мұнда су таусыла келді. Мен жаңа ғана, мінекей, мұзды ойып қарадым. Міне, осындай тереңдікте ғана су қалған. Ал бұл тек бір аптаға ғана жетеді, - дейді шаруа.

Шаруа малды 2-3 күнде бір суарып, суды үнемдеп отыр. Тіршілік нәрі таусылған соң, жалғыз үміт қарда ғана болмақ.

Жеңісбек Ахметов, қожалық басшысы:

- Малды қазір қарлап жатыр. Қар жауған жақсы. Енді өне бойы қармен де, сиыр малы жылқы емес, өйтіп жүре алмайды да. Қанша айтқанмен, 2 күнде бір рет су ішу керек қой. Құдықтан тұщы су шығара алмадық. Ана жерден, мына жерден қазып қарадық. Енді, білмеймін, 100-200 метр тереңдіктен шығатын болар. Ондайға қазір әл-қуатымыз жоқ деп айтуға болады.

Жаңақала ауданы әкімдігінің өкілдері бұл каналды тазалау әрі қазу жұмыстары қолға алынғанын айтты. Алайда техника жетіспеуіне байланысты жоба кешеуілдеп жатқанын жасырмады.

Ерлан Қажиев, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары:

- 2020-2021 жылдары тазалап келдік ол каналды. Енді келесі жылы бітіреміз. Көктемде каналды тазалауды бастаймыз, әрі қарай жалғастыруға. 2 шақырымдай қалды. Бізде 1 бульдозер, 1 эксковатор және КАМАЗ бар. Жетеді, бірақ таситын трал болса ғой. Трал бізде мәселе болып тұр. Бәрі қаражатқа тіреледі.

 «Қазсушар» мамандарының айтуынша, Балықты каналын тіршілік нәрімен толтыратын Дөңгелек су қоймасы былтыр көктемде 80%-ке толған екен. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда мол жиналғаны байқалады.

Ербол Төлеуғалиев, "Қазсушар" РМК Жаңақала аудандық учаскесінің инженер-гидрометрі:

- Қысқы режим дейді. Қарашаның 15-інен су беріліп, су қоймасы қақпаларының бәрі жабық тұру керек. Біз суды жинауымыз керек. Енді қазір білмеймін, мынадай уақытта суды ашу да жөн емес. Мына мұздан су жүрмейді де. Қазылмай қалған канал ғой. Қазір су берсек, табандап қайттан жабысып қалады. Каналды қазбай, ол жерде су тұрмайды.

Балықтыдан бөлек, енді Сәңкібай және Керей каналдарын тазалау жұмыстары жоспарланған. Шаруалар жоғары ағыстан жіберілетін судың далаға жайылмай, көлтабандар мен су қоймаларына құйылуын жіті бақылауды талап етіп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов.

Сондай-ақ...