Алматыда полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты

Қаңтар оқиғасына қатысы бар азаматқа күш қолданып, азаптау әрекеттерін жасаған 3 полиция қызметкеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қылмыстық іс Бостандық аудандық сотында қаралды. Қасіретті қаңтар кезінде полиция қызметкері автокөлікті заңсыз иемденді деген күдікке ілінген азаматты бөлімшеге жеткізеді. Оны одан әрі тергеп-тексерген 2 құзырлы орган өкілі зардап шеккен әріптестері үшін кек алу мақсатында күдіктіге қысым көрсетіп, азаптау әрекеттерін жасаған. Ал зардап шеккен азаматты бастапқыда бөлімшеге жеткізген қызметкер әріптестерінің заңсыз ісін көре тұра оны басшылыққа айтпаған. Сот үкімімен сотталушы 2 полиция қызметкеріне 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал қылмыстық құқықбұзушылықты көре тұра жасырған тағы 1 шенді кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалды.