Қостанай облысында интернет жылдамдығы төмен

Қостанай облысының оңтүстік аудандарында интернет жылдамдығы төмен.

Мысалы Арқалық қаласының аумағындағы ауылдардың басым бөлігі толыққанды ғаламтор желісімен қамтылмаған. Бұл олқылықтың орынын толтыру үшін келер жылы Арқалықта үш базалық байланыс станциясын салу көзделіп отыр.

Арқалық қаласының аумағында 18 елді мекен бар. Соның 30% ғана қалыпты дейтіндей ғаламтор желісіне қосылған. Оның өзі бірде бар да, бірде жоқ. Арқалықтан тоқсан шақырым жердегі «Жаңақала» ауылы да әлсіз интернеттің әуре-сарсаңын тартып келеді.

Тұрсын Байгукин, Жаңақала ауылының әкімі:

- Таң алдындағы уақыттарда ғана тартады. Басқа уақыттарда ешқандай тартыс жоқ. Даже ватсап жүйесінің өзімен біз бір-бірімізбен хабарды әрең аламыз. Енді интернеттің әлсіздігін тағы бір мысал есебінде айтайын, Мен бухгалтер мен бір специалисті осы жерде қойып отырмын амалсыздан Арқалық қаласында. Өйткені жұмысты солай атқаруға тура келіп тұр.

Интернеттің нашарлығы әсіресе ауыл мұғалімдеріне батып отыр. «Күнделік.кз» толтырып, компьютер алдында таң атыратын  кездері болады екен. Жұртты мазалаған бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік кешенді арнайы бағдарлама қабылдады. Оны  кезең-кезеңмен іске асыру көзделіп отыр. 

Азамат Қашиев, облыстық ақпараттандыру басқармасының басшысы:

- Үш базалық станция салуды ұсындық. Онымен біз Арқалық өңіріндегі 7 ауылды қамтимыз. Жоба 2024 жылға жоспарланған. Қаржылай қолдау болса, биыл да аяқтауға болады.Бұл мақсатқа шамамен 310 млн тенге қажет.

Оңтүстік аудандарда  интернет байланысы нашар 42 ауылдың 18-і осы кешенді бағдарламаға енгізілген. Екі жылға есептелген бұл жоба жүзеге асқанда өңірдегі елді-мекендердің 66 проценті сапалы интернетпен қамтылады.