Зеренді ауданына қарасты Алексеевка ауылында ауыз су мәселесі шешілмеген

Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Алексеевка ауылында осыдан екі жыл бұрын су құбырлары жаңартылған.

Оған республикалық қазынадан 360 млн теңге бөлінген. Қаржы игерілгенімен, құрылыс аяқталмапты.

Валентина Озерскаяның үйінде бір айдан бері ауыз су атымен жоқ. Зейнеткер ішетін суды көршілерінен алса, күнделікті тұрмысына қардың суын ерітуге мәжбүр.

Валентина Озерская, ауыл тұрғыны

- 30 қарашадан бері су жоқ. Міне желтоқсан айы бітіп, қаңтар болды. Кранды әдейі  ашып қойдым. Ал мен суды көршілерден алып жүрмін.

Осыдан 2 жыл бұрын ауылда су құбыры тартылғанда жергілікті тұрғындар бөркін аспанға лақтыра қуанған. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмапты. Себебі бір жылға жоспарланған жұмыс тұралап қалған. Қазіргі таңда орталықтандырылған суға 15 үй қосылған. Оның өзі заңсыз,- дейді жергілікті тұрғындар.

Азамат Сатыболдинов, ауыл тұрыны:

- Орталықтандырылған суға осы 15 үй де заңсыз қосылып отыр. Себебі құрылыс әлі аяқталған жоқ. Ал ол үйлерде су мүлдем болмағасын қосып берді. Енді мердігерлер осы айдың онына дейін есептегіш пен генераторды әкеліп орнатуы тиіс еді. Ол да жоқ.

Осылайша, ауыл тұрғындары мердігер компанияның жұмысына көңілі толмайтынын ашық білдіріруде. Бұқара базынасы қоғам белсенділерін назарында. Мәселенің мән-жайын анықтаған олар қос тарап өкілдерінің де кінәсі бар екенін айтады.

Алмат Ысмағұлов, «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының директоры:

- Тапсырыс беруші Зеренді ауданының құрылыс бөлімі. Олар құрылыс барысын дұрыс қадағаламаған. Сол себепті жұмыс мерзімінен кешігіп отыр. Тым болмағанда былтыр бітіруге болушы еді. Сондықтан тапсырыс беруші де, мердігер де кінәлі деп есептеймін.

Ал шенеуніктер қол қусырып отырмағандарын жеткізді. Жауапсыз компанияны сотқа берген. «Енді соның шешімін күтуден басқа амал жоқ»,-дейді.

Рүстем Жұмабеков, Зеренді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Жұмыс толығымен осы жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланған. Жобалық-сметалық құжатта кеткен қателіктерге тиісті компания кінәлі. Біз мердігерлерді сотқа бердік. Соттың шешімі шыққасын жұмыс жалғасады деген сенімдемін.

Иә, құрылысы бөлімінің басшысы да жұмыстың қашан аяқталатынын дөп басып айта алмайды. Ал жыр болған құрылыстың осы жылы аяқталатынына жергілікті халық сенер-сенбесін білмейді.