Үздік түлектер аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалады

Жоғарғы оқу орындарының үздік түлектері, ауылдық және аудандық деңгейдегі мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл бастама білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға және өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын жоғарғы үлгеріммен бітірген түлектер де бір жыл ішінде жекелеген лауазымдарға іріктеусіз тағайындалуы мүмкін. Тиісінше, жауапкершілік те ұлғаяды. Бұдан былай енді екі тоқсан бойы жұмысы тиімсіз деп, бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі немесе қызметтен шеттетіледі.

Дархан Жазықбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Бұл заң қабылданды. Осы биылғы бітіретін түлектеріміз осы қағида бойынша жұмысқа орналаса беретін болады. Екінші бұл «Б» корпусының жоғары лауазымына агенттікпен келісе отырып конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау. Бұны да жаңадан кіргізіп отырмыз. Бұл да бірінші басшылардың өздерінің қызметшілеріне байланысты жауапкершілігін арттырады.