Юрий Пя: Н.Назарбаевтың жағдайы жақсы

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегіне операция жасалған жоқ.

Ол жоспарлы емдік-диагностикалық процедурадан өтті. Бұл жөнінде бүгін еліміздің бас кардиохирургы Юрий Пя айтты. Емдік шараны да осы дәрігер жасаған болатын. Кардиохирургтың айтуынша, бұл процедура 2,5 сағатқа созылған. Қазір пациенттің жағдайы жақсы. Бұл процедураны жасау жөнінде шешім бұрын қабылданған екен. Юрий Пя Нұрсұлтан Назарбаевта нақты қандай диагноз екенін ашып айтпады. Дәрігердің сөзінше, экс-президент бүгін-ертең үйіне жіберілетін болады. Бұл процедура міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалыпты.

Юрий Пя, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығының хирургия жөніндегі директоры:

- Нұрсұлтан Назарбаев - біздің мекеменің пациенті болып келеді. Жалпы еліміздің кез-келген азаматы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін ем-дом қабылдай алады. Қазір науқастың жағдайы жақсы. Бұған дейін сөйлескенімде оған «сізбен бірге ғарышқа ұшқым келеді», деп әзілдеген болатынмын. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаевтың жүрегінің жағдайы өте тамаша.