Қарағанды облысында жылу бағасы арзандады

Қарағанды облысындағы Саран қаласы тұрғындарының тең жартысы мен осы қалаға қарайтын Ақтас кентінің халқы жылу ақысын тиісті тарифтен әлдеқайда қымбат бағамен төлеп келген.

Енді 6 мың тұтынушы үшін тиісті тариф 17% төмендеді. Жылумен қамтамасыз ететін «Сарантеплосервис» серіктестігінің меншігінде 7 қазандық бар. Экономикалық тергеу департаментінің ақпаратынша коммуналдық кәсіпорын мемлекет субсидиялайтын көмірді қымбат бағамен сатып алған. Қазір осыған байланысты көмірді жеткізетін компания директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезінде компания өкілдері көмірдің орнына жанбайтын, шлам әкеп түсіргені анықталды. Ол жылудың сапасына әсер еткен.

Сәуле Мақышева, Саран қаласының тұрғыны:

- Біздің үй былтыр салқындап кеткен еді. Сондықтан жылу ақысынан бөлек ток пеш қосып отыруға мәжбүр болдық. Осылайша бас-аяғы 20 мың теңге төлейтінмін. Биыл әйтеуір үй жылынып, жақсы болып қалды.

Әбілқайыр Бөлегенов, Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы:

- Біз коммуналдық кәсіпорынның құжаттарына талдау жасап, олардың тарифті өсіргені жайлы ақпаратты назарға алдық. Олар көмірді шамамен 2 есе қымбат бағамен сатып алыпты. Сондықтан осындай шешімге келдік.