Павлодарда 10 жылда 46 мың науқас емделді

Ертіс өңіріндегі кардиоорталықта кейінгі 10 жылда 46 мың науқас емделіп шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

25 мыңнан астам операция жасалды. Ашылған сәттен бастап дәрігерлер инновациялық әдістерді қолданды. Қазіргі таңда орталық Қазақстандағы үздік медициналық ұйымдардың қатарына кіреді.

10 жыл бұрын өңірде кардиологиялық орталық ашу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен ондаған жас маман тартылды. Кардиохирург Мұрат Райханов еңбек жолын Павлодарда бастаған сол жастардың қатарында. Кешегі жас дәрігер бүгінде кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі.

Мұрат Райханов, кардиологиялық бөлімшенің меңгерушісі:

- Жоғары жетістіктерге жеттік деп сеніммен айта аламын. Бастапқыда жүрекке жасалатын операциялар түрі де, саны да аздау болды. Уақыт өте келе мамандар шетелдің озық тәжірибесін меңгеріп алды. Бүгінде науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге қауқарымыз бар. 

Мамандардың мәліметінше, осы күнге дейін ашық жүрекке 7 мың операция жасалса, мыңдаған науқас шұғыл көмек алған. Солардың қатарында Амангелді Мұқанов бар.

Амангелді Мұқанов, науқас:

- Түскеніме бесінші күн. Операциядан шығарғанына. Осы кісіге ризамын. Негізі медицина деген алға басып, көпке барды. Осы кісілердің арқасында тіршілігін көріп жатырмыз. Бұл кісілер көмек жасамаса, былай отырмаушы едім.

Кардиологиялық орталық ашылған сәтте 1 жылда 200 операция жасалса, қазіргі көрсеткіш 700-ге жеткен. Заманауи әдіс-тәсілдерді меңгеру үшін мамандар Ресей, Беларусь, Израиль елдерінің жетекші орталықтарында білім алған.

Гүлжанат Жакова, облыстық кардиологиялық орталық директоры:

- Алғашқы операцияларды Литва және Беларусь елінің мамандары жасады. Араға бірнеше жыл өткеннен кейін отандық мамандар жұмысын бастады. Басты мақсат – адамға көмектесу. Басқаша айтқанда, жүрек-қантамыр ауруларын емдеудің толық циклын жүргізу. Емделіп шыққан науқастың жарқын жүзін көру біз үшін баға жетпес дүние.

Орталық күрделі операциялардың 6 деңгейін меңгерген. Ендігі мақсат – жүрек трансплантациясын жасау. Балалар бөлімшесін ашу да – келешектің еншісінде.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Жеңіс Темірболат.