Павлодарлық оқушылар өңірдің көрікті жерлерін шығармашылыққа арқау етті

Өнерлі балалар туристік нысандардың шағын үлгілерін жасап, ауқымды байқауға қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жарысқа жүздеген жұмыс тапсырылды. Ал үздіктері қатаң іріктеуден өтті.

Баянсұлу Құсайынова Шарбақты ауданынан келді. 12 жасар жеткіншек өз ауылындағы «Белгісіз сарбаз» ескерткішінің шағын үлгісін ұсынды.

Баянсұлу Құсайынова, байқау қатысушысы:                                  

- Таңдаған себебім туған жерімдегі бірнеше ескерткіштің ішінде өзіме қатты ұнағаны. Осы ескерткішті көргенде ішімдегі патриоттық сезімім оянады. Және де осы ескерткіштер қазіргі жас ұрпаққа үлкен өнеге болып табылады. Осындай ескерткішпен мақтанамыз.  

Негізгі талап – байқаудың шарттарын мүдірмей орындау. Мәселен, макеттің биіктігі мен ұзындығы жарты метрден аспауы тиіс. Бұл талаптар орындалған және жарыстың тақырыбына сай келген мешіттің бұл үлгісі конкурстың бас жүлдесіне ие болды.

Матвей Дубовой, бас жүлде иегері:

- Мәшһүр Жүсіп мешітінің сұлулығы баршамызды таң қалдырады. Бұл нысанның әсемдігінен шабыт алдым. Дәл осы ғимаратты таңдағаным сондықтан. Оған қоса, діни ғана емес, туристік тұрғыдан да көпшілікті тәнті еткен мешіт. Қағаз, сым мен желім ғана пайдаланылды.

Мәшһүр Жүсіп мешіті, павлодарлық «бигбен» сағаты, Даңқ алаңы, Байтерек, Ақорда. Қазылар алқасының назарына осындай көрікті нысандар паш етілді. Балалардың еңбектерін өлкетанушылар, тарихшылар мен суретшілер бағалады. Олар макеттерді іріктеу қиынға соққанын жасырмады. Себебі ерекше жұмыстар өте көп. 

Гүлжайнат Әлиева, қазылар алқасының мүшесі, өлкетанушы:

- Ұсынылған жұмыстардың ішінен ең тәуірін тауып, таңдап алу біраз жұмыс келтіреді. Жан-жақтан. Мысалы, мен тарихшы, өлкетанушы ретінде тарихи және көркемдік басқа да конкурсқа қойылған талаптар бар. Осыған қарап, жұмысқа сәттілік тілеймін.

 «Мен – елімнің патриотымын» атты облыстық конкурсқа 200-ден астам оқушы бақ сынады. Үздік 30 жұмыс ақтық мәреге жолдама алды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат.