loader


Павлодар облысының құрылғанына биыл 85 жыл толды

Айтулы датаға орай Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі көрме ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрермен назарына музей қорында және мұрағаттарда сақталған маңызды құжаттар мен тың деректер ұсынылған. Аймақтың өлкетанушылары жер-су атауларына қатысты көп зерттеу жүргізіпті.

- Мына атауларға қарасаңыздар, Қараоба, мінекей, Алқакөл, Қызылтау, Мұздыкөл – мұның барлығы жер атауымен байланысты. Оған дейін бұлардың барлығы ру атауымен болатын.

Аймақтың көне тарихынан сыр шертетін көрмедегі ең маңызды деректер –географиялық карталар. Өлкетанушы Рүстембек Қалымқұловтың айтуынша,  ертеде қазақ даласындағы жер-су атаулары сол жерді мекен еткен ру-тайпалардың атымен аталған. Павлодар облысының аумағында орта жүзге кіретін ру тармақтарынан тарайтын 15 елді мекен болыпты. Оған Баянауыл сыртқы округі мәртебесі беріліп, құрамына Ертіс бойын жайлаған басқа да рулар кірген.

Рүстембек Қалымқұлов, өлкетанушы:

- Биыл сол Баянауыл округінің құрылғанына 190 жыл болады. Осы Баянауыл округі алғашқыда бүкіл осы жерде мекендеген қазақтардың руларының басын біріктіру негізінде құрылады.

Өз тарихында Ертіс-Баян өңірі 3 бірдей реформаны өткерген. Біріншісі 1822 жылы ру атауларына, екінші реформа 1868 жылғы өзгерістерге сәйкес жер атаулары байланысты болған. Ол шамамен 1920-шы жылдарға дейін жалғасқан. Ал үшінші реформа Кеңес үкіметінің саясаты негізінде жасалды.

Рүстембек Қалымқұлов, өлкетанушы:

- Ол кезде, сіздер білесіздер, көптеген халық сырт елдерден көшіп келді. Мысалы, біреулер Украина жерінен, Харьковтан көшіп келді, соған байланысты елді мекенге Харьков атауы берілді. Бұлар осы топонимикалық атау 1920-шы жылдар аралығында жер атауынан айырылып, Кеңес үкіметіне сай атаулармен толықтырылды.

Әкімшілік реформа толық жүзеге асқанннан кейін Жаңақұрылыс, Жаңажол, Жаңажұлдыз сынды елді мекендер көптеп пайда болды. Ал Павлодарға облыс мәртебесі 1938 жылы беріліпті. Аумағы сол Баянауыл сыртқы округінің территориясы болып бекітілген кезден қалған. Қазақтың ежелгі жер-су атаулары жойылып, жерлер нөмірмен белгіленген кездер де болды. Егемендікке қол жеткізген жылдарда көптеген елді мекендер тарихи атауларын қайтарып алды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов.

 

Сондай-ақ...