loader


Сұлулық салондары талапқа сай ма?

Елдегі сұлулық салондарына жоспардан тыс тексеріс жүргізілуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осыны ескертеді.

Яғни, тұтынушыдан қандай да бір шағым түссе, мамандар бей-жай қарамайды. Өйткені әдемілік іздеп барып, денсаулығына нұқсан келгендерден түсетін шағымдар 3 есеге артқан. Тіпті сұлулық процедураларын үйде жасайтын жалған косметологтардың қатары артып барады.

Салонға барамын деп сұлылықтың құрбанына айнала жаздағандардың бірі –Венера Сәбит. Ол Алматыда желіден тапқан косметологтың үйіне барып, жеңілдікпен деген желеумен бетіне 2 процедура жасатқан. Алайда «ақшаға сұлулық емес, инфекция сатып алғанын» кейін түсінді. Себебі бірнеше күннен кейін кері нәтиже бере бастаған.

Венера Сәбит, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен барған жер бірінші қабаттағы 3 бөлмелі пәтер. Оны косметология деп қалай атауға болады? Шынымды айтсам, мен бетімді ылғалдандыруға барғанмын. Ол ерінді ылғалдандыру процедурасын қоса жасады. Әрі ол маған не салып жатқанын айтпады. Қазір денсаулығыма кері әсерін беріп жатыр. Іріңді жара бар.

Алайда Венера өзгенің қателігінен басқа мамандардың қызметіне қайта жүгінуге мәжбүр болды. Ол ұзақ уақыт антибиотиктер алып, әуре болды. Ал бұрынғы Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова мұндай косметологтарға тосқауыл қажеттігін айтады. Себебі кейде сол сұлулық жолында қыруар ақшаны айтпағанда, өмірдің де қиылып кетері бек мүмкін.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің VІІ шақырылым депутаты:

- Дермото-косметология бұл медициналық қызметтің лицензияланған түрі. Оны тек сертификатталған дәрігер мамандар көрсетуге құқылы. Ол сантирарлық барлық жағдай сақталған медициналық кабинеттерде ғана көрсетіледі. Бірақ қазір мұндай қызметтердің басым көпшілігін лицензиясы жоқ қызметкерлер мен сұлулық салондарда күмәнді кабинеттерде, тіпті үйде жүргізіп жатыр.

Шынымен, кейбір косметологиялық процедураларды үйде жасайтындар көбейген. Әдемі әрі жас қалпында қалуды кім қаламасын. Алайда шыққан тегі белгісіз препараттар денсаулыққа қауіп төндіруі ғажап емес.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің VІІ шақырылым депутаты:

- Мезотерапия, плазмалифтинг, мезажіп сияқты арнайы процедуралар жүзеге асырылып жатыр. Тіпті пластикаплық операция жасалуда. Медициналық білімі жоқ адам мұндай процедураларды қалай жасайды? Олар қан тамыр, жүйке жүйе, бұлшық еттер мен лимфа қай жерден өтентінін, қандай асқынулар болуын білмей, бет пен мойын тіндеріне қалай манипуляция өткізуге болады.

Сапасыз қызметтерге шағым айтатындардың қатары өткен жылы 3 есеге артқан. Ал әдемі боламын деп кері нәтижеге тап болғандардың көбі үй жағдайындағы косметологтарға барған. Себебі «әй, дейтін әже» жоқ болғандықтан олардың әлеуметтік желідегі жарнамасы жер жарады. 

Денсаулық сақтау министрлігі түскен шағымдарды әбден қарап, жоспардан тыс тексерулер жүргізген. Оның ішінде тұтынушы шағымданған 13 косметологияның лицензиясы да, жұмыс істеуге құқығы да болмай шыққан.

Айжан Есмағамбетова, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Биылдан бастап заңнамаға лицензиядан кейінгі бақылауды жүргізуге мүмкіндік беретін норма енгізілді. Яғни, бұл лицензияланатын қызмет түріне жатады. Оны алу міндетті болады. Жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі.

Бүгінде сұлулық салондары мен «косметолог» деген мамансымақтардың қаптағаны шын. Тіпті қолдарында дерматокосметолог екенін айғақтайтын лицензиясы да, дипломы да жоқ. Ал жалған маманға сенудің салдары ауруға душар етуі мүмкін, - дейді кәсіби дерматолог маман.

Дмитрий Дубинин, дерматокосметолог маман:

- Олар шприцті қалай ұстау қажеттігін білсек болды, инъекция жасай береміз деп ойлайды. Бұл өте жауапты жұмыс. Біз мұны үйрену үшін медициналық институтта 6 жыл, содан кейін тағы 2 жыл резидентурада оқыдық. Сондықтан тек кәсіби мамандарға жүгінген абзал.

Мамандар көріктілер сұлулық іздеп сорлап қалмаса екен дейді. Себебі саңырауқұлақ инфекциясы мен күйік түріндегі жарақатты жылдар бойы емдеуге тура келеді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Әзиза Закумбаева, Ақылбек Есімсейітов.

 

Сондай-ақ...