Тіркелмеген көлікке қандай талап қойылады?

Бүгінде Қазақстанда сырт елдерден кіргізілген 300 мыңнан астам көлік бар. Таяуда автосақтандыру талаптары өзгерді.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері бұл шаралар ел аумағындағы жол қозғалысына қатысушы барлық автокөлікті заңдастыру үшін қажет деп түсіндірді. 

Бір жылдан кейін Қазақстан көшілерінде шетелдік нөмір таққан автокөліктерді көруіміз екіталай. Көлік нарығын бақылайтын сарапшылар осылай дейді. Біріншіден, өзге мемлекеттерден жеткізілген темір тұлпарлар бүгіннен бастап жаппай заңдастырылады. Екіншіден, бұдан әрі сақтандыру полисінің мерзімі аяқталған авто жүргізушілер оны қайта жаңарта алмайды.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ ӘПК Ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы:

- 1 қыркүйектен кейін келген автокөліктер ҚР заңнамасына сәйкес 10 күннің ішінде мемлекеттік есепке тұруы қажет болатын. Алайда аталған азаматтар өз құқықтарын орындамаған жағдайда 1 қыркүйектен кейін келген көлік құралдары заң ережелеріне сәйкес жол қозғалысына қатыспауы тиіс. Сондықтан аталған көліктерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылатын болады.

1 шілдеден кейін Қазақстанда тіркелмеген әрі автосақтандыру мерзімі аяқталған көлік иелері әкімшілік жауапқа тартылады. Алдымен айыппұл салынып, одан кейін көлік айып тұрағына алынады.

 

Виталий Веревкин, Қазақстан сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы:

- Сақтандыру компаниялары шығынға ұшырайма деген мәселеге тоқталсақ, бұл көліктер егер қазақстандық есепке алынса, тіркелетін елдің аумақтық коэффициенті бойынша бәрібір сақтандыру полисін алады. Жалпы кіріс көлемінде шамалы өзгеріс болады. Бірақ ол айтарлықтай емес. Біздегі сақтандыру полистері 5 млн-нан асады. 300 мың көліктің сақтандыру алмағаны нарықтың аз ғана процент төмендеуіне әкеледі.

Сақтандыру тараптардың мүліктік мүддесін қорғау үшін қажет. Ол автокөлікке иелік ету құқығын бермейді. Көлік мемлекеттік тіркеуге алынуы үшін өзге елдегі есептен шығарылуы міндетті.

Авторлары: Рухани Асқар, Марат Диханбаев