Қостанай облысында 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр

Оның басым бөлігі мал шаруашылығына қатысты. Арқалық, Жангелдин, Аманкелді аудандарында бордақылау алаңдары ашылып, ет салқындатқыш цехтар пайда болады. 

Қостанай облысының оңтүстік аудандарын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалардың ауқымы кең. Жоспарлағандай жүзеге асса, өңірдің өрлеу кезеңі басталмақ. Оның алғашқы нәтижелері де жоқ емес. Мысалы, Арқалықта бір жыл бұрын ашылған тері өңдеу зауыты өз өнімдерін шетелдерге шығара бастаған. 

Ержан Салықов, Тері өңдеу зауытының директоры:

- Айына 126 тонна қара малдың терісін өңдейміз. Соның 80% экспортқа кетеді. Өзбекстан, Ресей, содан кейін Украина, қазір мынау көбі Прибалтикаға кетеді.

Кәсіпкер тері өңдеумен шектелмей, былтыр былғарыдан түрлі бұйымдар тігетін цех ашты. Қазір арнайы сырт киім, сөмке, ер тоқым сияқты заттардың он шақты түрін шығарады. Болашақта өндіріс ауқымын кеңейте түспек.

Екатерина Ефимова, Тігін цехы директорының орынбасары:

- Түрлі белбеулер дайындайтын құрал-жабдықтар сатып алдық. Одан бөлек балаларға арналған крассовка, жазғы жеңіл аяқ киім тігу ойымызда бар. Оның табаны жайлы болуы үшін тек былғарыдан жасалады. 

Мал шаруашылығына қолайлы оңтүстік аудандарда негізінен ет өндірісіне көңіл бөлініп отыр. Сондықтан бірнеше бордақылау алаңын салу мақсаты тұр. 

Аслан Досмағанбетов, облыстық  Ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

- Арқалық қаласын алсақ, 10 мың бас малға бордақылау алаңын ашу жоспарлануда. Инвестицияның сомасы 4,5 млрд теңгені құрайды. Жүз жұмыс орны ашылады. Осы жоспарлар іске асқан кезде оңтүстік аудандардың экономикалық көрсеткіші 2,5-3 есеге көтерілуі тиіс.

Инвесторларды Торғай өңірінің жер қойнауының байлығы да қызықтырады. Осы аумақта фабрика және кен байыту комбинатын салу ниеттері бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг