Оралда мектеп оқушысы туған қаласы туралы мультсериал түсіріп жатыр

Анимациялық картинаның бас кейіпкері – Дарын есімді жеткіншек. Мультфильмде оның күнделікті өмірде достарымен бірге өткізген қуаныш пен күйзеліске толы сәттері көрініс тапқан.

Оқиға желісі Орал қаласының көрікті жерлерінде өрбиді. Анимациялық туындының алғашқы бөлімі алдағы көктемде көрермен назарына ұсынылады. 

Әсерлі де жарқын эмоцияларға толы мультипликациялық анимация кино өнерінің құрамдас бөлігі саналады. Ал, ондағы кейіпкерлерге жан бітіру 10 жасынан аниме әлеміне енген жеткіншектің ең сүйікті кәсібі. Жуырда компьютерде сурет салуға мүмкіндік беретін графикалық планшет сатып алдым. "Қалғанын қиюластыру онша қиынға түспейді", – дейді жас аниматор.

Досжан Бөкенбай, оқушы:

- Бізде 8 адамнан құралған топ бар. Олар фон салады, яғни ғимараттар, көрмелер. Ал мен сол фонның үстіне телефоннан анимация кейіпкерлерін саламын. Бас кейіпкер Дарын. Ол дарынды жігіт, талантты, суретті жақсы салады. Ал сурет мектебіне келгенде еңбекқор баланы көреді де екеуінің арасында қақтығыс пайда болады. Осы екі кейіпкерді салыстыру жүреді, талант пен еңбек. Қайсысы дұрыс деген секілді. 

Автордың айтуынша, анимациялық фильм әсерлі әрі қысқа-нұсқа және бәріне түсінікті болуы шарт. "Бейнеле" деп аталатын сериал сюжеті жасөспірімдердің өмірі туралы баяндайды. Махаббат пен достық, өнер мен еңбекқорлық сияқты тақырыптарды қаузайды. Небәрі 15 минут болатын 1 серияны түсіруге 6 ай уақыт кеткен. Саундтректі де өздері жасапты. Досжан көркемөнер шеберін дайындайтын арт мектептің де озат оқушысы. Жас таланттардың аса қиын жанр саналатын анимацияға бет бұруы қуантарлық жағдай, – дейді тәлімгерлері. 

Арай Марсқызы, қала тұрғыны:

- Бұл анимациялық сериалды алғаш рет инстагарм әлеуметтік желісінен көрген болатынмын. Бір көргеннен бір басқаша форматтағы қаламыздағы ерекше бейнероликтер қатарында. Соның ішінде қаламыздың әдемі ғимараттары мен көріністерін, табиғатын әдемі бейнелей білген. Жалпы, жастарға ерекше форматтағы оның ішінде қазақ тілінде осындай дүнилерді талантты жастардың жариялап жатқаны шынымен қуантады.   

Устин Комаров, сурет пәнінің мұғалімі:

- Досжанның басқа емес өзіміз тұрып жатқан қаланы бейнелегені өте дұрыс блған. Себебі адамдардың көбі мұндай дүниелерді басқа әлемнен іздейтіні рас. Мұнда оның суретшіге жүктелер міндет-парызды жан дүниесімен түсініп тұрғанын байқаймыз. Жас суретшілердің туындысы арқылы біз туған қаламызды басқа қырынан танып білеміз деп ойлаймын.

Қылқалам шеберлерінің пайымынша, бұл Орал шаһарының тіршілігін бейнелейтін алғашқы жоба. Дегенмен, аниматордың жоспарлары мұнымен шектелмейді. Алдымен осы сериялды сәтті аяқтау керек. Ал алдағы міндет – бұдан да ауқымды жобаларды жүзеге асыру. "Ең басты арманым – әлемге әйгілі аниматор Уолт Дисней сынды мультфильм шебері атану", – дейді Досжан.

"Бейнеле" анимациялық мультсериялының алғашқы бөлімі алдағы көктемде көрермен назарына ұсынылады.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов