loader


Жетісу облысында шибөрі аулау шарасы ұйымдастырылды

Жетісу облысының Ескелді ауданында биылғы қыс мезгілінде ши-бөрілердің тым көбейіп кеткені байқалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың ауылға кіру оқиғасы жиілегендіктен, тұрғындар үй жануарлары мен ойын балаларына алаңдай бастаған. Өйткені бұл жыртқыш аң түрінен төрт төлік малға ауру жұғуы мүмкін. Ашыққанда адамдарға да шабуылдайтыны бар. Сол себепті жергілікті саятшылар олардың санын реттеу үшін демалыс күндері атқа мініп, тазымен шибөрі аулау шарасын ұйымдастырды.

Шибөрі – қасқыр сияқты саны қолмен реттеуге жататын жыртқыш аң түрі. Жетісу жерінде олардың саны биыл ерекше көп болып тұр. Шибөрінің ауылдағы үйлерді маңайлап, елді мекендерге кіру оқиғасы жиілеп кеткендіктен, Ескелді ауданының аңшылары бұған дейін де бір рет осындай шара ұйымдастырған. Ол кезде шибөрінің 10 шақтысы көзге түссе, бұл жолы көп көрінбеді. Соған қарағанда шибөрі аулау науқаны өз жемісін бере бастаған сияқты.

Арнат Алтынбеков, саятшы:                  

- Шибөрілер қаптап кетті. Міне, осылай жиналып, кішкене болсын, ауылдан балалар мектепке жүреді, таңертең ерте жүреді, кешке жүреді. Жаңағыдай балаларға, әйел кісілерге тимесе, үлкен кісілерге тиіспейді. Естіп жатамыз, жүгіріп, шауып жатады екен.

Елдос Ахметов, Ескелді ауданының әкімі:

- Салбурын дейміз, Қансонар дейміз. Мылтық атып, не өнер емес. Иттің осысы өнер. Жігіттер бір-бірімен жақын танысып, қаншама иттер алып шығып, екінші жағынан мына шибөрі көбейіп бара жатыр. Соны кішкене азайтып, мына ауылдың маңынан ұстайтынын ұстап, біраз жоғары қарай қуалап жіберейік дегенбіз. Мына елдерге, жақын жердегі ауылдарға маза бермей жатыр.

Ескелді ауданының жергілікті азаматтары жарау ат мініп, жүйрік тазы жүгіртіп, жердегі болып жатқан жағдайды арнайы техникалардың көмегімен әуеден де бақылап көрді. Құмай тазы алдынан шыққан аңның бәрін алуға тырысады. Сол себепті ауыл іргесіндегі тоғайда жайылып жүрген топ елікті қуып кеткенін де көзіміз шалып қалды.

Дәурен Байкерім, саятшы:

- Саятшылық деген ата-бабамыздан қалған мұра ғой. Соны қолға алып, осы тазыларымызды дамыту мақсатында, тазыларымыз қалып кетпесінші, Алла қалап, балаларымызға бізден мұраға қалатындай қылып, сондай мақсатта жақсы-жақсы жүйрік тазылар қалсыншы деген ниетте осы тазыны асылдандырып жатырмыз.

Арнат Алтынбеков, саятшы:

- 5-6 жыл көлемі болды, осы тазыларды асылдандырып жатырмыз. Қайтадан ескі қандарды алып, жан-жақтан қосып жатырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен аламыз. Өзіміз де жан-жаққа, Қазақстан бойынша жақсы-жақсы тұқымдарды жіберіп отырамыз. Өзіміз көбінесе етісудің көкқасқасы сияқты тазыларды ұстаймыз.

Шибөрі де қасқыр-түлкі сияқты өте сақ жүретін жыртқыш. Бүгінгідей шарадан соң енді олар біраз уақытқа дейін ауылға жоламайды. «Біздің мақсатымыз – шибөріге жаудай тиіп, қынадай қырып тастау емес. Үркітіп, ауылдастарымыз бен үй жануарларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Екіншіден, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан саятшылық өнерін дамыту болды», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов.

Сондай-ақ...