Республикалық тасжолдардың 6 учаскесінде жол жабылды

Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық тасжолдардың 6 учаскесінде қозғалыс шектелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтқанда, Абай облысындағы Қалбатау-Көкпекті ауылдары, сондай-ақ Қалбатау мен Аягөз қаласы арасындағы тіркемесі бар жүк көліктеріне әзір қатынауға рұқсат жоқ. Бұдан бөлек, Герасимовка-Семей, Семей-Қалбатау аралығындағы жолдарда да осындай жағдай. Алматы-Өскемен тасжолы бойындағы Қалбатау-Қасым Қайсенов ауылдарының арасымен де тіркемесі бар жүк көліктеріне қатынауға болмайды. Жетісу облысында Үшарал-Достық тасжолы мен Көктума-Достық станцияларының аралығында көліктің барлық түріне жол жабық. Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарындағы «ҚазАвтоЖолдың» аймақтық филиалдары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.