Мьянмада құлдықтан босап шыққан 2 қазақстандық азамат елге жеткізілді

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров журналистерге арналған брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, отандастарымыз ақша табу үшін шетел асқан. Алайда олар еңбек құлдығына тап болды. 2 азаматтың құлдықтан қашып шығуына жергілікті тұрғын жәрдемдесіпті. Кейіннен 2 отандасымыз Сыртқы істер министрлігімен хабарласып, Бангкокқа жеткізілді. Онда азаматтардың Таиландтық визасының мерзімі өтіп кеткендігі анықталып, 1 тәулік ішінде жаңадан құжат әзірленген. Осылайша, отандастарымыз Алматы қаласына аман-есен жеткізілді.

Айта кету керек, өткен жылдың жаз маусымынан бері еңбек құлдығына тап болған 14 отандасымыздың елге оралуына Қазақстанның Тайландтағы елшілігі көмектескен.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Біздің консул дереу автокөлікпен Таиландтың шекарасына барып, Мьянмадан қаланың шетінен оларды алып кетті. Бангкокқа жеткізіліп, олардың құжаттары рәсімделіп, көші-қон заңдарын бұзғаны үшін айыппұлдар төленді. Катар арқылы билет алынып, Алматыға ұшып келді.