Қазақстанда тұмау өршіп тұр

Эпидемиологиялық маусым басталғалы бері елімізде жіті респираторлы вирустың 3 млн-ға жуық жағдайы тіркелді. Сондай-ақ тұмау жұқтырудың 3 мың дерегі зертханада расталған. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Оның айтуынша, былтырғымен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттану көрсеткіші 20%-ке артқан. Алайда былтыр осы уақытта пандемияға байланысты шектеу шаралары енгізіліп, оқушылар қашықтан оқығандықтан, инфекция мен тұмау жұқтыру көрсеткіші біршама төмен болған. 

Айжан Есмағамбетова, ҚР  Бас мемлекеттік санитар дәрігері:

- Қаңтардағы ЖРВИ-мен ауыру көрсеткіші желтоқсанмен салыстырғанда біршама азайған. Жыл аяғында аурудың 800 мыңдай жағдайы тіркелсе, осы айда 1,5-2 есеге азайған. ЖРВИ мен тұмаумен ауыратындар көбіне – 14 жасқа дейінгі балалар, яғни, сырқаттанғандардың 65%-тін құрап отыр. Қазір ахуалды жіті бақылап отырмыз.