Алматы мен Балқаш жылу желілерінің басшылары ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы жылу желілері» және «Балқаш жылу» серіктестіктерінің басшылығына қатысты қылмыстық істерді тергеуде. Бұл туралы агенттіктің ресми өкілі хабарлады.

Алғаш болып «Алматы жылу желілері» серіктестігінің бас директоры ұсталды. Мекеменің басшысы мен тағы бірнеше қызметкері 16 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді. Олар қомақты қаражатты  жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша аяқталған жұмыстардың актісіне қол қойып, оны жасырып жапқаны үшін қалтаға басқан. Оған қоса «Балқаш жылу» серіктестігі директорының бұрынғы орынбасары мен бас есепшісі өздеріне артық жалақы жазып, шоттарына 272 млн теңге аударып алған деген күдікке ілініп отыр. Бұл серіктестіктің жеткізушілердің алдында 1,5 млрд теңгеден астам қарызы болған.

Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- 2 факт бойынша да күдіктілердің толық мойындауына байланысты қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ. Тергеу жалғасып жатуда. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.