«KazakhExport»: рекордтық көлемде қолдау көрсетілді

Былтыр «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы отандық экспорттаушыларға 259,1 млрд теңге қолдау көрсетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды «Хабар 24».  

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тұрақсыз экономикалық жағдай орнап, көптеген елдің экспорттық әлеуеті бәсеңдеді. Мұндайда өзгеріске бейімделу маңызды.

Отандық компаниялардың сыртқы сауда операцияларын қалпына келтіруге «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясының ықпалы тиді. Ұйым кәсіпкерлерге 259,1 млрд теңге қолдау көрсетті.

Аслан Қалиғазин, «KazakhExport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасы:

- Біз өткен жылдың жоспарын асыра орындадық. Отандық экспорттаушыларға рекордтық көлемде қолдау көрсетілді. Ұсынылған экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 20 млрд теңгеден асты. Бұл ретте бюджет қаражатын пайдаланбай, «KazakhExport» сақтандыру өтемімен қаржы институттарынан 166,2 млрд теңге қаражат тартылғанын атап өткен жөн.

Әсіресе тамақ өнеркәсібінің әлеуеті зор. Машина жасау мен металлургия да сұраныста. Қазақстандық химия өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдері шет елде жоғары бағаланады. Ал экспорттық бағыттар тізімінде Қытай, Италия, Түркия мемлекеттері де бар.

Аслан Қалиғазин, «KazakhExport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасы:

- Компания Өзбекстан, Тәжікстан банктерімен аккредитив шеңберінде жеңілдетілген қаржы тарта отырып, Қазақстаннан тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортына сұранысты арттыру бойынша стратегиялық құжаттарға қол қойды. Сондай-ақ Иран, Қырғызстан банктерімен де бірқатар келісім жасалды.

Жалпы 6 жылда «KazakhExport» 196 қазақстандық экспорттаушыға қолдау көрсеткен. Ұсынылған қаражат 845,3 млрд теңгеден асады. 

 Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев.