Павлодар облысында көне дәстүр қайта жанданып жатыр

Ит жүгіртіп, құс салу. Бүгінде ежелден келе жатқан көне дәстүр қайта жанданған. Павлодар облысында соңғы жылдары текті иттің тұқымын көбейтіп, дәріптеп жүрген азаматтар баршылық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуырда олар Баянауыл ауданында өткен «шырға тарту» жарысында бас қосты. Құсбегілер мен тазы асыраушылар қыран құс, жүйрік тазыларын сынға салды. 

Баянауыл ауданының тұрғыны Шахмардан Қибади жарысқа Көксерек деген құмай тазысын қосты. Әлі 1 жасқа тола қоймаған күшігі қоян, борсық, түлкі  алған. 

Шахмардан Қибади, жарысқа қатысушы:

- Серілерге сәттілік тілеймін. Тазылары алғыр болсын. Осындай қазақилық дәстүрді ұстана берсін. Біз, міне, осы Баянауыл жері қасиетті болғандықтан, өзіміз ат баптап, ит жүгіртіп, құс баптап, өзіміз сондайды әдетке айналдырғанбыз қазір.

1 күн бұрын болған құсбегілер жарысына сонау Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесінен бүркітшілер келген. Шырға тартуға барлығы 80-ге жуық тазы қатысты.

Қуат Кәрімов, жарысқа қатысушы:

- Мен өзім Жезқанат деген бір тазыммен келдім. Бірақ жолдастарым, ағаларым келді. Екібастұз қаласынан бір 10-15 жігіттей келдік. Әрбірі 1-2 тазымен келді осында.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жеті қазының біріне жататын құмай тазыны қазақ ит деуге қимаған. Бұған жүйрік ат мініп, қыран құс баптап, соңынан тазы ерткен ата-бабаларымыздың аманаты ретінде қарауға толық негіз бар. Ашаршылық кезінде бір тазы бір ауылды асыраған деседі. Оның қадыр-қасиетін осыдан-ақ білуге болады.

Кез-келген спорт түрі сияқты шырға тартудың да бекітілген ереже- талаптары бар. Ит жүгіртуде бірінші кезекте жылдамдық ескеріледі екен.

Аслан Омаров, жарыс ұйымдастырушысы:

- Егер де иттер жаңағы терінің артынан, шырғаның артынан жүгіріп келе жатқан жағдайда, егер де бір ит жанындағы жүгіріп келе жатқан 2 ит қатар келе жатса, ана ит анаған кедергі жасап төбелессе, ол итті біз жарыстан шығарып тастаймыз.

Әйгілі Мырзашоқы тауының бөктеріндегі шырға тарту жарысы демалушыларға әдемі әсер сыйлады. Оның мақсаты құмай тазыларды жарыстырып, жүлде алып қайту емес. Текті иттің тұқымын көбейтіп, таза қандылығын сақтап қалу, - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.