Шымкентте бейнебақылау камерасы көбейеді

Шымкентті тұтас қауіпсіз қалаға айналдыру үшін тағы 7 мың бейнекамера орнату жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған шамамен 10 млрд теңге қаражат қажет. Цифрландыру басқармасы «Технологиялық серпіліс» жобасы қолдау тапса, жаңа қондырғылар шалғай аймақтарға орнатылатынын мәлімдеді. Бүгінде қала көшелері Полиция департаментінің жедел басқару орталығы арқылы 4 мыңға жуық камерамен бақыланады. Заманауи электорондық құрылғы көше бойларынан бөлек, білім мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдарына да орнатылған. Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын қадағалау арқылы былтыр 372 қылмыс ашылды. Сондай-ақ 81 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Мақсат Туғанбай, қалалық Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бізде қала үлкен ғой. Осыған байланысты бейнебақылау камераларының санын ұлғайту үшін 19 500 бейнебақылау камерасы қажет. 100% жету үшін. Негізгі басты мақсат қала тұрғындарына айыппұл салу емес. Бұл жерде қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында орнатылатын камералар болады.