Қазақша комикске сұраныс артты

Қазір қазақтілді комикске сұраныс артты. Бүгінде қазақтың халық ауыз әдебиеті комикс түрінде жарық көруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яки қылқалам шеберлері кішкентай оқырмандарға батырлар мен хандардың және ұлы тұлғалардың өмірін сурет арқылы жеткізіп жатыр. Мәселен, Шымкенттік 24 жастағы сценарист Бек-Ата Даниалдың туындылары АҚШ, Ұлыбритания мен Үндістандағы басылымдарда шығарылып жатыр. Енді өнер иесі жуырда батырлар жайлы комикс жазып, оны әлемдік нарыққа шығаруды көздеп отыр.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Қазақтың аңыз-ертегілері мен жыр-дастандарын балаларға комикс арқылы жеткізуге болады. Яғни, суретті сөйлетіп, ол арқылы кейіпкерлерінің эмоциясын жеткізу. Мамандар бүгінде қазақша комикске сұраныс артқанын айтады. Мәселен, мына «НАРҚЫЗ» комиксінде өр мінезді батыр қыздың ерлігі мен қайсарлығын көруге болады.

Комиксті дамыту арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеп, кітапқа баулуға болады, - дейді өнер иелері. Тіпті ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттық сана мен ар-ұят сынды қасиеттерді де осы жанр арқылы жеткізуде.  Қылқалам шебері Магира Тілеубердина да 1 жылдан аса уақыт қазақша комикске бет бұрған. Оның айтуынша, қазір жас оқырман қазақ хандары мен батырларының тағдыры, өмірі мен қайсарлығына қызығады.

Магира Тілеубердина, суретші-комиксист:

- Мен осы әдебиет тұлғаларынан шабыттанамын. Мен үшін олар үлкен тұлғалар. Сол үшін мен оларға қарап, кейіпкерлерімді жасаймын. Оларды басқа тұрғыда, заманауи түрде көрсеткім келеді. Біз Бек-Ата сценарист екеуміз «Есек мерген» батыр туралы комикс шығарғымыз келген. Сол үшін біз коллаборация ретінде жұмыс істеп, мен сурет жағын дамытып жатырмын.

Магира Тілеубердина сценрист Бек-Ата Даниялмен бірлесіп, жуырда жаңа туынды шығармақ. Онда қазақ фольклорында кездесетін, бойында жойқын күші бар, «жезтырнақ» та бейнеленген. Яғни, тарихтың мәлім де беймәлім сырын осы комикс арқылы оқырманға жеткізуді көздеп отыр.

Бек-Ата Даниял, сценарист, комиксист:

- Кейіпкерлердің келбетіне эмоция қосып, жан бітіру арқылы тарихты оқырмандарға жеткізу оңай. Шетелде «батырдың саяхаты» деген ұғым бар. Біздегі батырлардың да әлгі «супермэн»-дерден қай жері кем? Егер олар қиялдан туса, біздің батырлар – өмір сүріп, қазақ халқын қорғап, ерлік жасаған жандар. Енді олардың теңдесі жоқ табандылығын осы жанр арқылы дәріптеп, тіпті шет мемлекеттердің нарығына да шығуға болады. Менің туындыларым Ұлыбритания, АҚШ пен Индия елдерінде де бар.

Он саусағынан өнер тамған кейіпкерлеріміз 20 беттік комикстке көз майын тауысып, 2-3 ай уақытын жұмсайды. Әрине. заман ағымына сай тарихты, әдебиет пен ілімді де комикс арқылы оқытуға болады. Тіпті түйткілді мәселелерді де осы жанр арқылы жеткізіп жүргендер де бар. Бастысы, бойда дарын, ынта мен қажырлық керек.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Наурызбай Құрманғазы, Ерлан Наурызбаев.

 

Сондай-ақ...