Алматылық Айбар Әбдіәмит бір күннің ішінде танымал болып шыға келді

4-ші сынып оқушысы қалада өткен іс-шаралардың бірінде «Ұстазым» әнін орындаған әншіге орта жолдан қосылып, жұрттың назарын өзіне аударды.

Бейнежазбаны әлеуметтік желіде бір тәулікте 3 миллион адам қарап, 10 жастағы бүлдіршіннің ерекше дауысына сүйсінген. Айбар дәл осы байнежазба арқылы танымал боламын деп ойламағаны анық. Алайда сүйкімді бүлдіршіннің белгілі әнді кәсіби мақаммен орындауы көпшілікті бейжай қалдырмады. Димаш Құдайбергеннің болашақ ізбасары деп үміт еткендер де бар. Осынша ықыласқа Айбардың өзі де аң-таң.

Айбар Әбдіәмит, №201 мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы:

- Өте күшті сезімдемін. Себебі менің қасымда әнші тұрады. Ол әнші өте танымал. Мен футболға қатты құмармын. Математикадан олимпиадаға қатысқанда бірінші орын алып келдім. 0Болашақта ән айтатын футболист немесе футбол ойнайтын әнші боламын. 

Айбар - жан-жақты бала. Математика пәнін жан-тәнімен жақсы көреді. Футбол десе ішкен асын жерге қояды. Мектепте актерлік шеберлік үйірмесіне қатысады. Отбасындағы төрт баланың екіншісі. Бір қызығы, Айбардың әкесі де ән салғанды ұнатады. Бірақ бала арманын артқа тастап, басқа саланың тізгінін ұстаған Нұрлан: «Өмірлік жолын таңдауды баламның өзіне қалдырамын», - дейді.

Нұрлан Әбдіәмитұлы, Айбардың әкесі:

- Ұлдарымның, қыздарымның Асқар ағасы сияқты математик, Қаныш атасы сияқты геолог болғанын қалаймын. Себебі білімді, ғылымды дамытатын қазақ үшін өте қажет мамандықтар. Ықыласы, ынтасы соған бұйырып жатса, біз оның жолын байламаймыз деп ойлаймын.

Айбардың танымал болуына себепкер болған әнші Самат Жанғазин: «Оның болашағына зор үміт артамын», - дейді. Даусымен жұмыс істеп, конкурстық әндерге бейімдеу керектігін айтады.

Самат Жанғазин, әнші:

- "Бұлақ көрсең көзін аш", - дейді ғой қазақ. Талантты талант деп айту керек қой. Даусы зор. «Ұстазым» әнін айтқан кезде даусы жоғарыға қарай кетіп жатыр ғой. Димаш сияқты жолын берсін деймін.

Самат Жанғазин Айбармен бірге дуэт жазуды жоспарлап отыр. Сондықтан, бір күнде-ақ көптің көзқуанышына айналған Айбарды үлкен сахнадан көретін күн алыс емес.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев