Павлодарда авиамодель үйірмесіне 700-ге тарта оқушы барады

Павлодардағы балалар техникалық мектебінде көптеген әуе кемесінің көшірмелері сақталған.

Шағын ұшақтар мен тікұшақтарды авиамодель үйірмесіне баратын оқушылар өз қолдарымен құрастырады. Өткен жылы олар республикалық байқауда жүлделі орынға ие болды. Бүгінде техникалық мектепке 700-ге тарта оқушы барады. Олардың әсіресе ұшақ пен кеме жасау үйірмесіне қызығушылығы басым екен.

Жазғы гимназиадада тоғыз жастағы Марк Трынов үшінші орынды жеңіп алды. Оның  ұшу құрылғысы авиамодельдер арасында үздік танылды. Республикалық деңгейдегі жарыстың ең жас қатысушысы атанған зерек оқушының шеберлігіне тәжірибелі мамандардың өзі таңдай қаққан.

Марк Трынов, оқушы:

- Бұл модель белгілі бір уақытқа  ұшып, өзі қона алады. Артынан жүгірудің қажеті жоқ. Басқалардан ерекшелігі осында.

Павлодардың балалар техникалық мектебі  талай дарынның өміріне жол ашты. Шағын ғана авиамодель үйірмесінде шыңдалған шәкірттер бүгінде үлкен авиация саласында табысты еңбек етіп жүр. Бұл мектеп балаларды ұшақ, кеме, әскери техникаларды жасауға үйретіп қана қоймай, еңбексүйгіштікке де тәрбиелейді.                                                                                                                             

60 жылдық тарихы бар мектепте  небір  ұшақ үлгілері бар. Азаматтық және қорғаныс саласының әскери ұшақтары мен тікұшақтардың дәлме дәл көшірмесі бүгінде авиамодель үйірмесінің құнды жәдігерлеріне айналған.

Александр Зозуля, балалар техникалық мектебі жетекшісінің м. а.:

- Ұшақтардың көшірмесін тек біздің коллекциямыздан көре аласыздар. Өйткені кейбірі өндірістен алынып тасталған. Соның бірі ИС-153. Әлемде осындай екі ұшақ қана қалды. Халық арасында «кукурузник»  аталып кеткен атақты АН-2 ұшағы бар. Ол бес дүркін Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Қазір техникалық мектептің аясы кеңейе түскен. Робототехника үйірмесіне де балалар көптеп келеді.  

Омар Әшкенов, оқушы:

- Маған робот кемелер қатты ұнайды. Осы робототехниканың арқасында лего жинауды үйрендім. Әкем қазір легоның түр-түрін әпереді. Болашақта конструктор болуды армандаймын.

Осы мектепті отыз жылдай басқарып келе жатқан Александр Зозуляның айтуынша, авиамодель үйірмесінен өткен әрбір бала дайын инженер болып шығады. Ұшақ құрастыруда қателікке жол беруге болмайды. Сондықтан бір модельді жасауға кем дегенде бір жыл уақыт кетеді.