Елде пияз экспортына шектеу қойылды

Қазақстанда сәуір айына дейін жетерлік пияздың 150 мың тоннасы бар. Баға өсімін болдырмас үшін Үкімет бүгінде пияз экспортына тыйым салып отыр.

Бұл жөнінде сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.  Құзырлы ведомство басшысы атап өткендей,  пияз өсірілетін Өзбекстан, Пәкістан мен Ресейде күн суытып, ызғар түскендіктен өнім аз шыққан. Сондықтан ол жақта көкөністің бұл түріне сұраныс жоғарылаған. Мәселен, Мәскеудегі пияз бағасы 500, Өзбекстанда 350 теңгеге жетіп отыр. 

Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Елдегі өнім тапшылығына жол бере алмаймыз. Сондықтан сыртқы сауда қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия 3 айға дейін пияз экспортына шектеу қою жөнінде шешім қабылдады. Біз айына шамамен 30 мың тонна пияз тұтынамыз. Үш айда демек 90 мың тонна қажет болады. Пиязды сыртқа заңсыз тасыған деген күдігіміз бар. Қазақстанның шекара қызметі мен мемлекеттік кірістер комитетінің басшыларымен өзім сөйлестім. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.

С. Жұманғарин: Қант тапшылығы болмауы тиіс

Сондай-ақ, Серік Жұманғарин биыл ішкі нарықта қант тапшылығы болмайтынын атап өтті. Президенттің тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия тиісті шара қабылдап, өңірлерге шекерді жеткізу мәселесін жолға қойған.  

Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Біздер жақында қаражат бөліп, Ақсуда шикі қант сатып алдық. Қазіргі уақытта қант мәселесінің жұмысы бітіп жатыр толығымен. Бүкіл 4 зауытты өңірлерде бекітіп, 4-5 өңірлер әрбір зауытқа қаражатты бөліп толығымен осы аптада бітіреміз, бүкіл зауыттарды біз қаражатпен қамтамасыз етеміз.