Жеңілдетілген автокөлік несиесі жаңа схема бойынша беріледі

Жеңілдетілген автокөлік несиесі енді жаңа схема бойынша беріледі. Бұл жөнінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеткізді.

Бұдан былай қазақстандықтар жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша көлік алар болса, алдымен өнеркәсіпті дамыту қорына жүгінуі керек. Қорда электронды тізім жасақталады. Осыдан кейін ғана автосалон мен банктерге бару қажет. Министрдің айтуынша, бұл жүйе көліктерді уақытылы жеткізу мақсатында іске қосылмақ.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: 

- Қолжетімді көліктермен қамту үшін осындай жүйені ұсынып отырмыз. Осы айдың аяғына дейін бағдарламаны іске қосу жоспарда бар. Бұл аптада өнеркәсіпті дамыту қоры брифинг өтікізіп, егжей-тегжейін айтатын болады.  Бүгінде Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде, мәселен  Киа шығатын Оңтүстік Кореяның өзінде кей маркалы су жаңа көлікті халық 2-2,5 жылдай күтеді.