Жамбыл облысында жалған «әкімдік қызметкері» ұсталды

Жамбыл облысында алаяқтықпен айналысқан жалған «әкімдік қызметкері» ұсталды.

Өзін мемлекеттік қызметші ретінде таныстырған әйел, тұрғындарға кезек күттірмей мемлекеттен берілетін пәтерді алып берем деп уәде берген. Солайша Сарысулық 13 тұрғынынан 8 млн теңгеден аса ақша жиып, хабарсыз кеткен. Күте-күте күдері үзілген тұрғындар, алданғанын әкімдікке барып шағымданғанда білген. Ондай қызметкердің жоқтығына көз жеткізгендер, полицияға арызданған. Өзін Ләззатпын деп таныстырған әйелдің Жаңатас қаласының жұмыссыз тұрғыны екені белгілі болды.

Асхат Әлметов, Сарысу аудандық полиция басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта ҚК-тің 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл бапқа сәйкес мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген. Күдікті кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.