Үкіметте Абай облысын дамытудың кешенді жоспары бекітілді

Алдағы 5 жылда Абай облысына 1,9 трлн теңге бөлінеді. Бүгін Үкіметте жаңа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді.

Кешенді жоспар сәтімен жүзеге асса, 2023-2027 жылдары өңір экономикасына шамамен 1,9 трлн теңге инвестиция тартылады. Таратып айтсақ, республикалық бюджеттен 515 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 110 млрд теңге, жеке инвестициялар есебінен 1,3 трлн теңге, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 22 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. Абай облысы әкімдігінің хабарлауынша, кейбір жобаларды іске асыру басталып та кеткен. 

Шалқар Байбеков, Абай облысы әкімінің орынбасары:

- Ет комбинаты салынып жатыр. Көпір құрылысы басталып кетті. Семейдегі су, электр құбырлары, кәріз жүйелері тозған. Жөндеу жұмыстары басталады. Халық көптен күтіп жүрген жылу электр орталығының да құрылысын бастаймыз. Жоспарға кірді. Қаржы бөлінді.

Өңірдің кәсіпкерлік пен туризм саласында 41 млрд теңгеге 6 жоба жүзеге асырылады. Семейде сауда ойын-сауық орталықтары мен қонақ үй кешені салынады. Ал Алакөлдің жағасы бұрынғыдан да түрленеді, 6,1 млрд теңгеге демалыс базалары бой көтереді.

Айбек Рахымбеков, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысының орынбасары:

- Жол салынады, инфрақұрылым нығаяды. Туристер көп баратын қасиетті орындарға электр желісі мен су тартылады. Ет комбинаты мен тауарлы сүт фермаларын салу секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылады.

Кешенді жоспарда әсіресе әлеуметтік салаға басымдық берілген. Осы мақсатқа 194 млрд теңге қаржы бөлінбек. Облыста 2028 жылға дейін 7 медициналық нысан салу көзделіп отыр. Оның ішінде 400 орындық көпбейінді аурухана мен 300 орындық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысын атап өтуге болады. Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – мектеп тапшылығы. Бүгінде аймақтағы білім ошақтарында 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Осыған орай облыста білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 510 орындық 6 шағын жинақталған мектеп бой көтермек. 500 орындық Оқушылар сарайын салу да жоспарда бар.

Нұржан Ахметқалиев, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Кешенді жоспардағы көрсетілген мектептер ауылдарда салынады. Бұл білім ордалары апатты жағдайда және саманнан салынған ескі мектептер. Жаңа мектептер Үржар, Бесқарағай, Ақсуат, Жарма аудандарында бой көтереді.

Семейдің талай жыл бойы жырға айналған мәселесі - заманауи жылу электр орталығын салу кешенді жоспарға енгізілген. Бұған 481 млрд теңге бөлінеді. «Аягөз-Бақты-Қытай шекарасы» учаскесінде теміржол салу, өңірдегі 2 мың шақырымға жуық автожолдарды жөндеу, облыс орталығындағы аспалы көпірді жаңғырту да – 5 жылдық құжатта көрсетілген.

Кешенді жоспар кедергісіз іске асар болса, 2028 жылға қарай облыс экономикасына шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылады. Осы 5 жыл көлемінде өңірде 14 мың адам жұмыспен қамтылмақ.