loader


Елімізде көктемгі су тасқынына дайындық басталды

Қазір барлық өңірде су тасу қаупі жоғары. Әсіресе солтүстік пен шығыс жақ қызыл аймаққа енгізілді.

Бұл жерлерде жауған қардың мөлшері қалың. Күн күрт жылынса, Шығыс Қазақстан облысындағы 70 шақты елді мекенді су шайып кетуі мүмкін. Көшелер омбы қардың астында қалды. Құтқарушылар мен коммуналдық сала қызметкерлері көктемге тас-түйін дайын. Су арналары мен гидронысандар мейлінше тазартылып жатыр. Еріген қар суы Өскеменді 24 арықтың бойымен айналып өтеді.

Валентин Литвиненко, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері:

- Өскемен қаласы бойынша 11 аймақта су басу қаупі өте жоғары саналады. Бұл жерлер қаланың шетінде орналасқан. Әсіресе биыл Согра шағын ауданында бақылауды күшейтеміз.

Қостанай облысында биыл жауған қардың орташа нормасы екі есе көп. Сол себепті әуе арқылы барлау, мұз жару жұмыстарына басымдық берілмек. Бұл мақсатқа 90 млн теңге жұмсалады. Қазірдің өзінде қауіпті аймаққа 90 елді мекен енгізілген. 
Ал Қарағанды облысының ірі өзендерінде су көлемі нормадан асқан. Кей аудандарда жер тоңы жарты метрге дейін қатып қалған. Яғни өзендегі мұз күрт ерісе су жерге сіңіп үлгермейді деген сөз. Су басу қаупі бар 170-тен астам елді мекен осы өзендердің бойында қоныс тепкен. Мамандар олардың қасына арнайы бөгеттер орнатты. Жалпы биыл өңірде қызыл сумен күреске 3,5 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырға қарағанда 1,5 есе көп.

Мұрат Қатпанов, облыстық ТЖД басшысы:

- Бәрі ауа райына байланысты болады. Бұл - ұзақмерзімді ауа райы. Ақпан айынан бастап бұлар бізге апта сайын ауа райын жіберіп отырады. Нұра өзені бойында және Ғабиден Мустафин елді мекен басынан бастап Самарқан өзені құйылатын жерге дейін тазартылған болатын. Ол да елді мекендер аталған маусымды қауіпсіз өткеруіне үлкен әсер береді. 

Ақтөбе облысында да су басуы мүмкін 34 елді мекен өзен-көлдерге жақын орналасқан. Сол себепті қауіпті мейлінше сейілту мақсаты тұр. Өңір бойынша кей жерлерде қардың қалыңдығы бір метрге дейін жетеді. "Бұл былтырғы нормадан аз болғанымен, күзде түскен жауын-шашыннан қатқан тоң қалың", - деп отыр мамандар.

Саид Молдақараев, ТЖД басшысының орынбасары:

- 50 шақты іс-шаралар ол өзен-көлдерді, арықтарды тазалау жұмыстары сосын, дамбаларды нығайту, сосын, гидротехникалық құрылыстардың әзірлігі, дайындау жұмыстары. Көлдерді зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты анықталған кемшіліктер әкімшіліктерге соны қалпына келтіру бойынша тапсырмалар беріліп жатыр.

Ал еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жағдай әзірге тұрақты. Қызылорда облысында мұздың қалыңдығы 15-40 см аралығында қатқан. Сырдарияның төменгі ағысына секундына 600-ден аса текше метр су түсіп жатыр. Су деңгейі көтерілгенімен, құтқарушылар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Жетісу облысында мамандар тікұшақпен таулы аймақтарды шолып өтті. Мұздықтар тұрақты қадағалауға алынған. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Вячеслав Ветлугин, Дәуренбек Бағдаәулет, Әнуарбек Мырзатайұлы

 

 

 

Сондай-ақ...